Иә, қазақ халқының, Қазақ Президентінің қайсар әрекеті тарихта қалды. Өткен ғасырда адамзат бастан кешкен алапат зұлматтың бірі - қазақ жеріндегі ядролық сынақтар еді. Осы сынақтарды тоқтатуда алғы шепте болған «Невада-Семей» халықаралық қозғалысына биыл - 25 жыл.
1949-шы жылдың 29 тамызы. Таңғы сағат 6 жарымда Семей даласы дүр сілкінді. Тәтті ұйқыда жатқан тұрғындар дүрлігіп оянды. Полигонда алғашқы жарылыс жасалды.
1951-ші жылы уран бомбасы, 1953-ші жылы сутегі бомбасы және сыналды. Ал, 1961-1962 жылдары аспан мен жерде 50 ядролық бомба сыналса, 1963 жылдан 1989 жылға дейін жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс болыпты.
Бұл бірер сөйлемге сыйып кеткен құрғақ сан болғанмен, санаға сыймайтын дүние. Сүйекке түскен таңба, ұлт тағдырына сілтенген сойыл. Әлі күнге Семей, Павлодар, Қарағанды жұрты қызыл өкімет қалдырған қасірет пен қайғыдан қан жұтып келеді. Қаншама адам дауасы жоқ дертке шалдықты.
Жанды жаралайтыны сол, бейбақтардың ұрпағы да жарық дүниеге дімкәс, кемтар болып келіп, жауыздық пен жалғанға лағнет айқан күйі өмірден өтіп жатыр. Дегенмен, біздің ел бейбітшілік жолында бірінші қадам жасап, атом бомбасынан бас тартты.
Біреулер суық қаруын құшақтап ұйықтап, енді бірі «қайтсек екен» деп он ойланып жүргенде, Алаш баласы азаттық ала, ядролық полигонды жапты. Сөйтіп, жойқын қаруың болмаса, жойылып кетуің мүмкін деген қасаң түсініктің қате екенін дәлелдеді.
Осы жерде «Невада-Семей» қозғалысының жанқиярлығын ерекше атап өтер едік. Семейдегі алапат сынақтарды тоқтатқан сол қозғалыс қалай құрылып еді?
25 жыл бұрын, ақпанның 28-і. Ақын Олжас Сүлейменов - үндеу жасады. Көптің атынан телеарнаға шыққан Олжас ақын Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті.
Олжас Сүлейменов, «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі, ақын, саясаткер:
Біз бұл қозғалысты сіздер үшін, сіздердің ұрпақтарыңыз үшін бастадық.
Ядролық сынаққа қарсы қозғалыс бастапқыда «Семей» деп аталды. Кейін халықаралық сипат алды.
Нығмет Рахметұлы, саясаттанушы, «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі:
90 жылы Олжас Америка Президентіне, халқына хат жазады. Семей-Невада полигондары қасындағы халықтың көргені бірдей, тағдыры бір. Сондықтан, бірге қарсылық көрсетіп, тоқтату керек. Семей-Невада деп бірігейік деді.
Ұлт өзегін өртеген алапат жарылыстардан бас тартуға шақырған қозғалыс бірден қарқын алды. Бір айға жетпес уақытта миллионнан астам адам қол қойып, сынақты тоқтатуды талап етті.
Ұлт зиялылары бастап, еріктілер қоштап ауыл-аймақтарды аралап, халықтың рухын көтерді. Қозғалыс ардагерлері Абай ауданы Қарауыл жерінде ұйымдастырған акцияны ерекше еске алады. Алдымен қазақтың «ақтау» ырымын кейін «аластау» рәсімін жасайды. Сол күні 20 мыңнан аса адам митингіге шықты.
Осы акцияның режиссері, қозғалыс белсенділерінің бірі - Дүйсенбек Нақыпов «Халық болмаса, бұл қозғалыстың қойған талаптары орындалмас еді. Ең алдымен еңбек – елдікі» , -дейді.
Дүйсенбек Нақыпов, ақын, «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі:
Қаншама интеллигенция болсақ та, Олжекең өзі болса да, елсіз ештеңе болмас еді.
Осылайша, 89-дың күзінде полигонды жабуға қарсы 2 миллионнан аса қол жиналады. Қозғалысқа қосылғандар қатары күн санап артты. Халықтың рух-жігерінің арқасында 1991 жылы елдің талап-тілегі орындалды. 29 тамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Айтқожа Биғалиев, «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі, биология ғылымдарының докторы:
Семей полигонын жабу, әрине, ол – ерлік. Ондай заманда жаңа туған мемлекетке мұндай шешім қабылдау үшін жүрек керек. Президентіміз соған барды.
Басты миссия орындалды. Дегенмен, әлі де антиядролық қозғалыс экологиялық мәселе тұрғысынан маңызын жойған емес. Ұйым алдында тұрған міндеттер көп.
Санат Түгелбаев, география ғылымдарының кандидаты:
Негізі бірінші зерттеулер, жарылыс болған кездегі мәліметтер бойынша, ең көп жарылыс болған жерлер - мына оңтүстік-шығыс бөліктері. Қарауыл, Қаншыңғыс, Шаңшыңғыс тауына қарай кеткен. Бұл жердің геоморфологиясы күрделі болғандықтан, радиоактивті заттардың қайтадан таралуы өте күрделі процесс. Ол әлі де жүре береді. Табиғи уақыты келіп, әбден тарағанша.
Қарауыл ауылының тұрғыны, 80-ге келген қария жастық шағын үлкен өкінішпен еске алады. 1953 жылы Семейдегі термоядролық бомбаны жарған сынақты өз көзімен көрген.
Алғаш рет сынақ жүргіземіз деп бір ауданды көшіріп, Абралы ауданын таратып жіберген кездегі елінен, жерінен айырылып, еңіреген халықтың көз жасы әлі көз алдымда,- дейді.
Манатай Балтақайұлы, Қарауыл ауылының тұрғыны:
Әкелеріміз қалды осында. Одан басқа да 40 жігітті алып қалыпты әдейі. Тәжірибе жасау үшін деп естідік. Солардан адам қалған жоқ. 1-2 жылдың ішінде солардың жартысы қайтыс болды. Кейіннен 5-6 жылдың ішінде бәрі де кетті.
Тоғжан Жалғасбекқызы, тілші:
Сынақтар жүргізілген аймақтағы адамдар түрлі ауруларға ұшырап, міне, бүгін 25 жыл өтсе де, сол сырқаттың қасіретін әлі де арқалаумен келеді. 1989 жылы бүкіл халық болып, КСРО әскери күштері өнеркәсібінің бүкіл адамзатқа қатерлі осы бір озбырлығына қарсы шықпағанда, кім біледі, осылай жалғаса берер ме еді? Елімізді және бүкіл әлемді дүр сілкіндірген «Невада - Семей» қозғалысы өзінің асқан гумандығымен көзге түсті. Біздің елдің бастамасы бүкіл әлемге үлгі болды. Осындай қозғалыстар өмір сүруі керек. Себебі, мұндай қасірет қайталанбауы тиіс.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ