Еуразиялық одақ идеясының авторы – Қазақстан Президенті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық одақ идеясының авторы – Қазақстан Президенті

16.02.2014
Еуразиялық одақ идеясының авторы – Қазақстан Президенті
Саяси температураның ыстық-суығын жұлдызшыдай болжағыш саясаттанушылардың да айтқандары кейде жел соқса, бағыты өзгеретін жебедей мүлт кетуші еді. Долбарлары осы жолы айна-қатесіз келді. Бір айға жуық уақыт егесіз бос тұрған Мәскеудегі Елшілікке  Марат Тәжин кетті. Осы сейсенбіде Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Мұханбетқазыұлы Қазақстанның Ресейдегі Елшісі қызметіне тағайындалды.
 
«Жалпы, біртоға Тәжиннің Ресейге Елші болып кетуі тегін емес»,  дейді саясаткерлер. Биліктің биік лауазымдарында жүріп әбден ысылған һәм саясатта салмағы қорғасын тартатын интеллектуал енді Қазақстан, Ресей және Беларусь үштігінің арасында құрылатын Еуразиялық одақ жұмысын ширатуға күш салуы мүмкін. Еуразиялық одақ деп қалдық, Еуразия аумағы аясында бірігу, жұмылу идеясы күн жылжыған сайын өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Тарихқа аз-кем шегініс жасасақ.
 
1994 жылы Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасындағы дәрісінде Еуразиялық  қоғамдастық туралы ойын тұңғыш рет зиялы  қауымның назарына ұсынып еді. Игі бастама сол жерде қалмай, ізінше Еуразиялық экономикалық қауымдастық сияқты қауқарлы ұйымның қарқынды іске кірісуіне жол салып еді. Сол идеялар бүгінде пісіп-жетіліп, алдағы уақытта, бұйырса, Еуразиялық одақ құрылуы мүмкін. 170 миллиондық нарық бізге қай жағынан тиімді болмақ?
 
Интеграция - дәуір талабы. Қазір Қазақстан, Ресей, Беларусь үштігі Кедендік одақта бірге. Енді бір жылдан соң Еуразиялық одақ құрылмақ. Бұл - кешелі-бері жүзеге асқан дүние емес, 20 жыл бойы пысықталып, 20 жыл бойы әзірлікпен құрылған ұйым. Мақсат - таза экономикалық қарым-қатынас. 
 
Шыңғыс Ергөбек, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің проректоры:
Біздің теңізге шығар жолымыз жоқ. Бірақ, инфрақұрылымдық тұрғыдан географиялық тиімді аймақта орналасқанбыз. Бұл аймақ түрлі мәдениет пен экономиканың тоғысқан жерінде. Егер Қазақстан осы бастамаларын әрі қарай жалғастыра берер болса, Еуразия материгінде өзінің жаңа Еуразиялық концепциясын құрушы мемлекет болады деп ойлаймын.
 
Идеяның авторы - қазақ Президенті. 1994  жыл, Мәскеу. Нұрсұлтан Назарбаев «Кеше кеңесте бірге болған мемлекеттер түбі экономикалық бірлестік құрғаны абзал»,- деді. Өйткені, жаһанның бағыты - сол. Бірлесу, араласу, бірінде жоқты екіншісіне сату, сөйтіп, селбесіп күн көру.
 
Виктор Садовничий, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры:
Біздің еліміз - Ресей Федерациясы бұл ұсынысты жүзеге асыруға қызу қатысты. Бұл қазір мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатының бір элементіне айналды. Президент Владимир Путин осы бағытты ұстанып келеді. Ол экономикалық одақ ретінде жүзеге асып үлгерді. Бірақ, менің ойымша бұл Еуразиялық жақындасу жолында соңғы бекет бола қоймайды.
 
Енді экономикалық көрсеткіштерге тоқталсақ. 2010 жылы Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы тауарайналымы 47 миллион АҚШ долларына тең келсе, 2012 жылы дәл сол көрсеткіш 45,5 пайызға өскен. 2013 жылдың он айындағы тауар айналымының көлемі - 52,9 миллиард доллар.
 
Виктор Садовничий, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры:
Иә, Еуразиялық одақ идеясы жүзеге асты. Идея өмір сүруге хақылы, өмір сүріп отыр және өмір сүре береді. Ол басқа түрлерге ауысып, жалғаса береді. Мен әзірге бұл идеяға дем беріп отырған және жүзеге асырумен айналысқан үш қайраткерді атар едім. Олар - Владимир Путин, Нұрсұлтан Назарбаев, Александр Лукашенко. Үш іргелі мемлекеттің басшыларының күш қосуы арқасында көптеген қуатты жобалар жүзеге асады. Оның игілігін миллиондаған қарапайым адамдар көреді.
 
Сәл-пәл шегініс. Тайыр Мансұров кезінде Қазақстанның Ресейдегі Елшісі болды. 1994 жылы Мәскеу Мемлекеттік университетінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасын тыңдаған кісі. «Көреген басшының бастамасы міне, шындыққа айналды», дейді саясаткер.
 
Тайыр Мансұров, Еуразиялық экономикалық қауымдастығының бас хатшысы:
Өткен 20 жыл қазіргі Еуразиялық интеграция жолындағы қиын, табысты екі онжылдық кезең болды. Бұл - Қазақстан Президентінің зор жеңісі мен табысы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бойындағы көшбасшылық және пассионарлық біздің тарихымыздағы шешуші кезеңде айқын көрініп, маңызды рөл атқарды. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Еуразияда бақытты да, табысты өмір сүргісі келетіндер үшін бағыт-бағдар болатындай еуразиялық жобалардың басты архитекторы болып қала бермек.
 
Бизнес - бұл заманның қозғаушы күші. Қазақ кәсіпкерлері там-тұмдап болсын, сыртқы нарыққа дайын өнімді шығарып жатыр. Үлкен компанияларды қоя тұралық, шағын кәсіп иелерінің өзі Ресей мен Беларусь нарығына ұмтылуда. Тауар тасымалына кедергі жоқ, ал сұраныс көп.
 
Мұхамеджан Қаржауұлы - қостанайлық кәсіпкер. Май тартатын цехы бар.
 
Мұхамеджан Акулов, кәсіпкер:
Кедендік одақ ашылған соң, нарық мәселелері шешіліп, Мәскеуге келіп жатырмыз. Апталап, Мәскеуге келіп, тауарларымызды сатып жатырмыз.
Әзірге өтімі жақсы. Енді осы нарықта тұрақтап қаламыз, деген ойымыз бар.
 
Кедендік одақтың пайдасы - қазақ кәсіпкерлері үшін 17 миллион тұтынушы 10 есе өсіп, 170 миллионға айналды. Қазақстанда жасалған өнімдердің өз тұтынушылары бар.
 
Ирина Артанова, Мәскеу қаласының тұрғыны:
Қазақстанда жасалған консервілік өнімдерді білемін. Дәмі өте жақсы. Ресеймен салыстырғанда, Қазақстанның кәсіпкерлері тауардың сапасына қатты мән береді. Сондықтан, сатып алушылар көп болатынына сенімдімін.
 
Интеграция жүруі тиіс сала көп. Ал, экономикалық интеграция - соның өзегі. Негізі ықпалдастық дегенің негізгі үш еркіндікке арқа сүйейді.
 
Шыңғыс Ергөбек, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің проректоры:
Біріншісі - тауар айналымының еркіндігі, екіншісі - қызмет көрсетудің еркіндігі үшіншісі - бұл жұмысшы күші айналымының еркіндігі. Кедендік одақ, Орталық Азия мемлекеттері болсын, соның ішінде Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан секілді адам ресурстарының экспортымен айналысып отырған мемлекеттер қосылса, интеграциялық әлеует әлдеқайда кеңейеді. Тиісінше, әртүрлі  деңгейіндегі мемлекеттер арасындағы интеграция  түрлі қаржылық экономикалық мәселелерді бірге отырып шешуге кеңінен жол ашылады.
 
Мынау - қазақтың қызыл бидайы. Алтай өлкесінде егін шаруашылығы қатты дамыған. Бірақ, Құлынды элеваторы қамырлылығы аса жоғары Қазақстан бидайын қымбат бағамен алып жатыр. Тіпті, бізде егін бітік шықса, ресейліктер қуанады екен.
 
Владимир Отиско, РФ, Алтай өлкесі, Құлынды аудандық әкімшілігі басшысының орынбасары:
Біз Қазақстан Республикасы диқандарымен өте тығыз қарым-қатынастамыз. Сіздердің бидайларыңыз Ресей нарығында сұранысқа ие. Кей жағдайда тауар арқылы есеп айырысамыз. Мәселен, павлодарлық кәсіпкерлер бізден күнбағыс майын алады. Осы элеваторда басқа да дәнді дақылдарды өңдеуге болады. Жарма, тары, күріш сынды. Оларды да Қазақстаннан аламыз, деп жоспарлап отырмыз.
 
Осылайша, әр өңірде, жер-жерде интеграциялық үрдіс басталып кетті. Болашақта бірлескен кәсіпорындар құрып, бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру мүддесі тұр. Мұндай шынайы әріптестік, ортақ табыс тараптарды жақындастыра түспек.
 
Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу