«Ел қатарлымыз», деп ептеп-септеп жүрген ағайын сейсенбіде абдырап қалды. Теңге мен доллардың теңгерімі өзгеріп, 1 доллар 185 теңгені көрсеткенде, қаржысын доллармен сақтайтын құйқалы қазақтардың қылпығы да қисаймаған шығар.
Алайда, бірді-бірге жалғап, азын-аулақ теңгесін төсектің арасына басып, «ананы аламын, мынаны аламын», деп армандап жүрген былайғы жұрт «қап», деп бармақ тістеп қалды.
Тіпті, жөпелдемде адамның ойына келмейтіні жоқ, бұлқынған сайын еуропалықтардың мойындарын қажап болған экономикалық дағдарыстың қамыты біздің мойнымызға түсті ме, деп зәреміз қалмады.
Дегенмен, сол күннің ертеңінде Ұлттық банктің төрағасын қабылдаған Мемлекет басшысы дүйім жұртты дүрлікпеуге шақырды. «Курстың 20 пайызға өзгеруі бәсекеге қабілетті бағам қалыптастыруға көмектесті. Сондай-ақ, экономиканың тұрақты дамуы үшін қажет болған шара. Сондықтан, ел дүрлікпесін»,- деді Президент.
Ал, Ұлттық банктің төрағасы не дейді? Қайрат Келімбетов осы аптаның басты жаңалығына қатысты «Аpta.kz»- ке арнайы сұхбат берді.
-Қайрат Нематұлы! Кім ұтты, кім ұтылды?
-Жалпы, экономикамыз ұтты. Өйткені, экономиканың тұрақты жағдайда одан әрі өсуі туралы Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп, арнайы талдау жұмысын жасады. Алты айдың ішінде біз мемлекетте, әлемде не болып жатқанын жан-жақты талдадық.
2007 жылдан кейін көп жерде дағдарыс болғанын сіздер білесіздер. Сол дағдарыстың салдары бойынша Еуропа мемлекеттері өте қиын жағдайда қалды. Қазір көптеген мемлекеттердің, оның ішінде бұған дейін шапшаң дамыған Қытайдың экономикасы бұрынғыдай қатты өспейді. Ресей экономикасының өсуі қарқынды емес. Ал, АҚШ-тың экономикасы жақсы жағдайда. Бұл - бірінші себеп.
Олардың жағдайы дұрысталған соң, дамушы елдерге инвестиция жасаған. Сондықтан, осы жылғы қаңтар айының ішінде 22 дамушы елдің валюта курсы долларға қарағанда төмендеді.
Біз тағы да Ресей рублінің жағдайы қалай болады деп қарадық. Бұрынғы жылдары да төмен еді, ал 2013 жылы тура 7 пайызға төмендеген. Тек осы жылғы қаңтарда 35 пайызға төмендеді. Ол - екінші себеп.
2013 жылы біздің экспортымыз қысқарыпты. Бұл да біздің экономикаға кері әсер еткен. Сондықтан, экспортқа өнім шығаратын және ел ішінде импортты алмастыратын тауар өндірушілерді қолдау үшін жалпы валюта саясатына өзгерістер енгіздік.
-Көпшіліктің көкейіндегі алаң, Ұлттық банктің осы шешімінен кейін елде инфляция болмай ма?
Бұл - көп елдерде болатын қалыпты құбылыс. Бірақ, біз Үкіметпен бірлесіп инфляцияның 8 пайыздан артық өспеуі үшін тынбай жұмыс жасаймыз. Соған арнайы бағдарламалар жасалады. Үкімет ең маңызды тауарларды, мысалы, сүт, нан, мұнай сынды тауарларды қатаң бақылауға алады. Біз осындай жұмыстарға қатаң қарайтын боламыз.
-Сырттан қарыз алған екінші деңгейлі банктердің ахуалы қандай болмақ?
Мұндай мәселе 2009 жылы болды. Ол кезде екінші дәрежелі банктердің сырттан алған қарыздарының жалпы көлемі 45 миллиард АҚШ долларына тең болған.
Содан бергі бес жылдың ішінде Үкімет, Ұлттық банк және «Самұрық-Қазына» қоры бірлесіп жасаған жұмыстың нәтижесінде сол банктердің сыртқы қарызының жалпы көлемін 11 миллиард АҚШ доллары мөлшеріне дейін қысқарттық. Сондықтан, менің ойымша бұл қазір бізге үлкен мәселе болмайды.
-Жаһандағы мұнай бағасы қатты өзгермесе де, дәл осындай шешім қабылдауға не түрткі болды?
Бізге мұнай бағасы өте маңызды. Бірақ, бұл да шешуші фактор емес. Бүгінгі таңда ең маңыздысы - жалпы сауда және қаржы секторларында, макроэкономикалық әлемде қандай өзгерістер болады? Ресей рублінің жағдайы қандай? Екіншіден, Қытай және Еуропа одағының экономикалық жағдайы ескеріледі. Тағы да бір өте маңызды жағдай - біздің валюта резервтеріміздің көлемі. Сол барлық себептердің бірнеше факторларынан бір формула жасасақ, деген шешімге келдік.
-Қайрат Нематұлы, Сізге соңғы бейресми сұрағымызды қояйық. Бас банкир өзінің ақшасын қай валютамен сақтайды, АҚШ долларына ауыстырып үлгердіңіз бе?
-Айлық жалақым теңге шотында жатыр. Ақшаны тек қана теңгеде ұстаймын. Өйткені, теңгенің тағдыры - менің жауапкершілігім.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ