Елбасы бірқатар министрдің жұмысын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы бірқатар министрдің жұмысын сынға алды

16.02.2014
Елбасы бірқатар министрдің жұмысын сынға алды
Осы жұмада Серік Ахметов басқаратын Үкіметтің белсенділері Ақордадан үштік алған оқушыдай көңілдері тұнжыраңқы шықты. Президент Назарбаев Премьерден бастап, министрлердің есебін тыңдап, нені тындырып, нені тындыра алмай жатқандарына қанықты.
 
Ақпандағы кеңейтілген бұл жиын былтыр қазанда өткен жиынға қарағанда, сәл «жұмсақтау» өтті. Ол отырыста Президент ер-тоқымдары мойындарына кетіп, сылбыр жүрген Үкіметті сын дейтін қайыспен аямай қамшылап еді.
 
«Сөгіс жауған ай» ретінде есте қалған сол қазанда артынша, бірнеше вице-министр маңдытып жұмыс істей алмағандары үшін қызметтерінен кеткен.
Содан бері төрт ай өтті. Не өзгерді, не тындырды Үкімет? Уақыттың аздық еткені болмаса, Серік Нығметұлының командасы сүрініп- қабынып, тапсырмаларды орындауға тырысып, тырмысып-ақ бақты.
 
Бірақ, Президентке нәтиже керек. «Шаруаларың шала», деп бір қайырды. Әсіресе, Әсет Исекешев, Ерболат Досаев, Қайрат Келімбетов секілді күш-қайраты толысқан жас шенеуніктерге батырып-батырып ескертті. Елбасы осылай қамшылау арқылы осы жастарға зор үміт артатынын аңғартса керек. Бұл - біздің байлам.
 
Сонымен, бұл жиында кәсіпкерлерге жөнсіз килігу мәселесі тағы назарға ілікті. Индустрияландыру, инвестиция және банктердің жағдайы да қамтылды. Қысқасы, шаруа шаш етектен. Ал, үлгермеген Үкіметке Президент ұйықтамай, тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуді тапсырды.
 
Соңғы жылдары билік тарапынан жасалған саяси ұмтылыстардың, экономикалық интеграцияға бірігудің  түпкі мақсаты - идустрияны күшейту еді. Ал, индустрияландыру ортаңғол өндірістерді құрып, іс бітті, деп қоя салатын жеңіл шару емес-ті.
 
Кедендік одақтың артықшылығын айта отырып, ортақ нарыққа  трансқұрлықтық   алыптарды кіргізу керек болатын. Әзірге оған тәуір мысал жоқ. Үкімет келіссөзге шорқақ.     
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Индустрияландыру елге трансұлттық компаниялар келгенде ғана, олармен бірігіп, ірі өндірістерді ашқанда ғана болады. Бірақ, бізде бұл мәселені шеше алатын адам жоқ. Шетелдіктермен олардың өз тілінде сөйлесе алатын маман жоқ. Бар мәселе міне, осында. Егер бұл істі тындыра алмасаңдар, сіздер үшін басқа Үкімет жасайтын болады. Мен ескертіп отырмын.
 
Ескертулердің алды Үкімет өткен жылдың 9 айын қорытқан жиында басталды. Сол кезде Президент   министрлер кабинетіне біраз кейіп, 33 тапсырма берді. Мерзімі таяғанда    сол міндеттің Үкімет үштен бірін ғана орындай алды. Қалғанын шала тындырды. Тағы бірсыпыра шешімдерді атқару үшін уақыт керек. Ел үшін ең маңызды мәселелердің шешілуін кейінге шегеріп келеді.  
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Көлеңкелі» экономикадағы   қаражат көлемін азайту үшін  ештеңе жасалмады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын күшейту мақсатында кіріс көзін табу үшін нақты ұсыныстар жоқ. Үкімет пен Ұлттық банк даму институттарының, зейнетақы қорларының, қаржы құрылымдарының   қаражатын  жобаларға тарту жөніндегі ұсыныстарын дайындаған жоқ. 
 
Экономикадағы ең үлкен дерт осы  тұстан басталады. Қаржы институттары нарықты ынталандырмақ түгілі, түк пайда әкелмей қойған несие портфелінен құтыла алмай әлек. 
 
Кезінде екінші деңгейлі банктердің тұтынушыларға несиені бей-берекет үлестіргені бар. Тәуекелге пысқырып қарамады. Кейін бергені қайтпай, қан қақсап қалды. Қаржы саласында зая кеткен несиелердің үлесі қомақты. Банктер  мемлекет көмектесер деген үмітпен отыр. Қит етсе, Ұлттық қордан қаражат сұрайды.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Банктерді үнемі қорғаштаймыз. Жеке банктер - бұл жеке адамдар. Олар үнемі біз іріміз, баймыз деп мақтанады. Қазір қайда олар? Сұрамшақтанып, мемлекетке келеді. Біздің несиелерімізге көмектесіңдер, құтқарыңдар,  дейді. Онда қарызды неге берді?
 
Мүлдем жұмыс істемейтін несиелер бітеу   жара секілді. Банктің түбіне жетпей қоймайды. Елімізде қайтпаған борыштарды сатып алатын қор да құрылып еді. 
Бірақ, Ұлттық банкке қарасты бұл ұйым белсенділік таныта алмай отыр. Банктер қор ұсынған   талаптармен келіспейді. Түбінде мемлекет тентіретіп жібермес деген есеп бар.
 
Билік бұл жолы тағы да қаржы институттарына көмектесуге келісті. Саланы сауықтыру үшін зая кеткен несиелерді сатып алмақ.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өкінішке қарай, мұндай қадамға баруға мәжбүрміз.   Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, наурыз айының 1-не дейін  банктердің     қайтпаған несиелерін   сатып алу жөнінде ұсыныс дайындауы керек.  Ұлттық банктің алдына жаңа міндет қоямын. 2015 жылдың қаңтар айының 1-не дейін  тиімсіз  несие үлесін 15 пайызға, 2016 жылдың    бірінші қаңтарына дейін 10 пайызға дейін қысқарту керек. 
 
Алдағы екі жылдың ішінде банктер проблемалы несиелерді барынша қысқартуы қажет. Ол үшін тіпті өз активтерін азайтуға дейінгі шараға  баруы мүмкін. Яғни, ірі банктер шағын банктерге айналады. Мемлекет басшысы «Қаржы құрылымдары қолымен істегенді мойнымен көтеруі  керек», дейді. Банктерді банкрот болдырмаудың бұдан басқа амалы   жоқ.
 
Ендеше, қаржы құрылымдары нақты секторға мойын бұруға қауқарсыз. Үкімет те кәсіпкерлікті қаржыландырудың көзін таба алмады, тиімді механизмдері   ойластырылмады. Бұл мақсатқа   зейнетақы қорларындағы қаражатты жаратудың, болмаса, халықаралық қаржы институттарын елге әкелу   үшін де жөнді іс тындырылмады.
Ал, экономиканың өсімін 6-7 пайыз төңірегінде ұстап қалу керек. Ол үшін тағы да қаражат, инвестиция қажет болады. Сондықтан, осы аптада Ұлттық қордан үлес бөлу жөнінде шешім шықты. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір  ішкі резервтерді пайдаланатын кез.   Сондықтан,   ұзақмерзімді несиелер үшін 2014-2015 жылдарға   Ұлттық қордан   1 триллион теңге бөлу жөнінде   шешім қабылдаймын. Бұл қаражат қайда жұмсалуы керек? Біріншіден, несие шағын және орта бизнес үшін,   өңдеу өнеркәсібіндегі   өндірістік жобаларға жұмсалуы керек.    Екіншіден, индустриалды жоспардың басым жобаларына тек шетелдіктердің қатысуымен жасалатын нақты өнім шығаратын  өндірістер үшін ғана беріледі.  Ресурстар тек қана өнім өндірісіне бөлінеді.
 
Ұлттық банк пен Үкімет бір аптаның ішінде    қор қаражаты қалай бөлінеді, соның жолдарын ойластырып, ұсыныс беруі керек. Құжатты   халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп дайындайды. 
 
Ондағы мақсат - жобаларды   мемлекет дербес қаржыландырмайды. Халықаралық   институттар үлеске кіріп, Ұлттық қордан бөлінген сома    өсімімен қайтуы керек. Әрі  ашықтық, жариялылық үшін де сырттың бақылауы керек. Экономиканы  қозғалысқа түсіретін қаражаттың мақсатымен жұмсалуын арнайы комиссия бақылайтын болды.   Оған Қайрат Келімбетов төрағалық етеді.
 
Ұлттық қор қаражаты «Бәйтерек» холдингі арқылы таратылмақ. Сонымен, еңбекті ынталандыратын қаражат көзі міне табылды, дегенде атқарушы, қадағалаушы органдар   кәсіпкерді аяғынан шалудың түрлі амал- шарғысын азайтпай отыр.
 
Президент бұл жолы кәсіпкердің басылымдардың біріне жазған базынысын мысалға келтіріп, батырып айтты.  
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өз ісімді ашқым келеді, ол үшін сертификат керек, дейді.     Ал, оны алу үшін санитарлық қызметтен, өрт сөндірушілерден рұқсат алу қажет. Оларға ең кемі 3 мың доллардан бастап, шексіздікке дейін созыла беретін қаражат жұмсауың керек немесе пара бересің. Егер тәуекелге барсаң, бір күні бетперде киген қарулы топ келіп, еденге жатқызып,   көкеңді танытады.
 
Әзіл емес, ащы мысқыл. Үлкен жиындарда   бас шұлғып келісіп, шыға бере кәсіпкерді   кім шымшитынын биліктегілердің  іші сезеді.   Тексерулер санын құжат жүзінде қысқартады, солай деп, жоғары жаққа есеп береді. Бірақ, кәсіпкерді қысудың   қырық бір айласын ойлап табады.    
 
Айтпағымыз, Үкімет қазір  ішкі ресурстарды   жаратуға қамданды. Өйткені, сырттан қаражат тарту барған сайын қиындап барады.   Алты ай бойы Ұлттық банк сарапшылары әлемдік экономикадағы өзгерістерді талдаған. Түрлі тұрақты валюталардың теңгеге шаққандағы бағамының   өзгеруін бақылап, дамушы елдердің   төл валюталарының  құны төмендегенін көрді. 
 
Ең бастысы, дамушы нарықтардан   инвесторлар  кете бастады. Түркия, Базилия, Ресей қазір өз ішінде қаржылық түзетулерге баруға мәжбүр.   Біздегі теңге бағамының   төмендеуі    - сол қауіптің бетін қайтару.  
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Теңгенің   айырбастау бағасының   түзетілуі ғана экономика өсімінің   6 пайыз төңірегінде   болуына мүмкіндік береді. Халыққа түсінікті болуы үшін айтайын. Экономиканың өсімі  - бюджет түсімдерінің ұлғаюы. Бұл қаражат халыққа жалақы, зейнетақы кірістері түрінде беріледі. Ешкімге қап-қап ұн сатып алып, әбігерге түсудің қажеті жоқ. Бізде 20 миллион тонна бидай бар. Негізгі азық-түлік - нан, ет, сүт қоры жеткілікті. Даурығудың қажеті жоқ. Бұл ретте сауда нүктелерінде бағаның әдейі көтерілмеуін   қатаң бақылап, мұндай деректер бола қалса, жауаптылар қатаң жазаға тартылуы керек.     
 
Осы аптада Үкімет 2013 жылды қорытындылады. Министрлер кабинеті есеп берді, биыл қандай тәуекелдердің барын жасырмай айтты. Әлгінде Ұлттық қордан бөлінетін қомақты қаражатты жарату   үшін әзірге жоба тапшыға ұқсайды. 
Сондықтан, қаражат бір деммен емес, біртіндеп бөлінеді.   
 
Биыл  банктердің шаруасы да бірыңғайланып, Үкімет «көлеңкелі» экономикада жүрген қаражат көлемін азайтуда батыл қадамдарға баруы керек. 
 
Батыл дейтініміз, «көлеңкелі» айналымдағы қаражаттың шамамен  1 миллион адамға  қатысы бар болуы мүмкін.   Сондай-ақ, өлместің күйін кешіп отырған   қор нарығы қалай реттеледі, Халықтық IPO  бағдарламасының    келесі кезеңдерін қалай жүзеге асыру керек? Жалпы, біраз жауапкершілікті шешудің жолын   Экономика, Қаржы министрлігі  мен   Ұлттық банк   көтерді.
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС 

Хабарламаларға жазылу