Бес күннен кейін Сочи Олимпиадасының алауы тұтанады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бес күннен кейін Сочи Олимпиадасының алауы тұтанады

02.02.2014
Бес күннен кейін Сочи Олимпиадасының алауы тұтанады

Енді тура бес күннен кейін Сочи Олимпиадасының алауы тұтанады. Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеге Қазақ елі 52 саңлағын үкілеп қоспақ.
 
 Олардың оны шаңғы жарысына, екеуі мәнерлеп сырғанауға, бесеуі фристайл-могулге, төртеуі фристайл-акробатикаға, алтауы шорт-трекке, тағы алтауы конькимен жүгіруге, төрт спортшы тау шаңғысына, біреуі сноубордқа, енді бір үміткер транплиннен секіруге және тағы бір жерлесіміз шана спортынан болатын жарыстарға қатысып, ел намысын қорғамақ.
 
 Әрине, мұндай аламандардың алдын алып, болжам жасауға келгенде жауапты агенттік мен сарапшылар жағы өте сақ. Оларды да түсінуге болар. Дегенмен, қазірдің өзінде қазақтың қоржынына медаль салуы мүмкін деген саңылақтарымыздың есімі әр жерден еміс-еміс естіліп қалып жүр.
 
 Олар әрине, бұған дейінгі әлемдік және басқа да халықаралық жарыстарда шашаларына шаң жұқтырмаған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, конькимен жүгіруші Денис Кузин және шаңғышылар Алексей Полторанин мен Николай Чеботько.
 
 Қазір қазақстандық олимпиадашылар әр елде өздерінің Олимпиада алдындағы соңғы оқу-жаттығу жұмыстарын өткізіп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, алдағы күндері Қысқы спорт түрлерінен Сочиде өтетін Олимпиадада спортшылар сайыстың 15 түрінен өзара бақ сынайтын болады.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу