Ендігі мұрат – мәңгілік ел болу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ендігі мұрат – мәңгілік ел болу

26.01.2014
Ендігі мұрат – мәңгілік ел болу
 
Талай тауқыметті кешкен, тағдыры қилы, езіліп-жаншылған, жабығып-жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның бірі – қазақ. Ресейге бодан болған үш ғасырда арымыз бен барымыз, тарихымыз табанға тапталды.
 
Аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа ұшырады. Талайы тарыдай шашырап, шет асты. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқытты. Алаш арыстары өз халқының жауына айналды. Сана мен салт күйреді. Ұлт ретінде жер бетінен жойыла жаздадық.
 
Қылыш - қынабынан, қанжар - қынынан суырылған, іргеден Жоңғар, түстіктен Қоқан қоқаңдаған, шығыстан Қытай, батыстан Ресей қыспақтаған заманда бабалардың арманы - азат ел болу еді.
 
Мөде, Бумын, Естеми, Елтерістей қағандар, Керей, Жәнібек, Қасым, Тәуке хандар, Тоныкөк, Қорқыт, Асанқайғыдай абыз жыраулар, Майқы, Төле, Қазыбек, Әйтекедей кемеңгер билер, Күлтегін, Едіге, Қабанбай, Бөгенбайлардың арманы еді бұл азаттық.
 
Олар жетпегенмен, біз жеттік бұл күнге. 22 жылда бүтіндей жаңа мемлекет ірге көтерді. «Тымақ – төбесінен, ел – төресінен тозады» деген. Шүкір, қазақтың қазір тымағы бүтін, төресі төрінде отыр. Ендігі мұрат – мәңгілік ел болу. Президент кешегі Жолдауда мәңгілік ел идеясы - халықты біріктіретін діңгекке айналауы тиіс деді. Ел не дейді?
 
Бес күндік жалғанда мәңгілік дүние некен-саяқ. Оны екінің бірі, естінің естісі де жақсы біледі. Бірақ, материяны қайдам, идеяның мәңгілік өмір сүретіні әмбеге аян ба дерсің.
 
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.
 
Етектен кесіп жең болмас, егемен болмай ел болмас. Иә, Мәңгілік ел болу - күні кеше туған таным-түсінік емес. Оның тамыры тұңғиық тереңде. Сонау тасқа қашалған тарихтан бастау алады.
 
Смағұл Елубай, жазушы:
Мәңгілік ел болу туралы түркілердің тасқа жазылған сонау ондаған ғасыр бұрынғы 14 ғасыр бұрынғы Орхон-Енисей жазуында жазылған. Мінекей, бүгін сол аталарымыздың, бабаларымыздың азаттықты арман еткен идеясы Қазақстанның да ұлттық идеясына айналып отыр.
 
Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әсіресе, мынау 9 ғасырда дәуірлеген өзіміздің көк түріктер заманындағы тас жазуындағы біздің тарихи дастанымыз. Сонда түркі елі мәңгілік болсын, күн сөнгенше сөнбесін, деген ұғымдар айтылады.
 
Қазақ қашаннан бір мүдде, бір мақсатқа жұмылған халық. Хандық дәуір болсын, қаңғып қажыған заман болсын қазақтың кеудесін бір сәуле кернеп тұратын. Сол сәуле бабадан балаға сөнбей жетіп, сананың саңылауына үнемі үміт ұялатты. Рас, біздің халық басынан не бір нәубәт кешті. Бірақ, қанша бодан болса да, бостандықты бір сәт естен шығармады. 
 
Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы:
Кез-келген халық, кез-келген адам, кез-келген тіршілік үш уақыттық кезеңде өмір сүреді. Бұл өткен шақ, қазіргі шақ, болашақ. Міне, бұл  идея осы үшеуін де қамтуы керек. Яғни, Мәңгілік идеяның тарихи тамыры Алаш идеясына барып астасып кету керек. Сол арқылы ғана ол үлкен бәйтерек болып өсе алады.
 
Рас, арман алдамайды екен. Қазақтың кеудесіндегі сәуле мен үміт оты бірде лаулап, бірде бықсып жатса да сөнбеді. Ақыры Көк түркінің тамыры, Алаш деген арманға ұласып соңында азат ел атанды. Шүкір, қазір халықаралық қауымдастықта қазақпен санаспайтын, қазақты танымайтын халық кемде-кем. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық.
 
Тәуелсіздік жылдары еліміз барша қазақстандықтарды біріктіретін, елдіктің іргетасын нығайтатын көп іс тындырды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар - уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол, деп аталады қазір.
 
Ал осы бастаманың баянды болмағын Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында жеті бағытқа жіктеді. Бірінші - Қазақстанның тәуелсіздігі мен Астанасы. Екінші - қоғамдағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшінші - зайырлы қоғам және мықты руханият.
 
Төртінші - индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономика. Бесінші - Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншы - тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетінші- еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Міне, осы міндеттерді мәңгілік ету бүгінгінің парызы.
 
Ғарифолла Есім, қоғам қайраткері:
Халықтардың арасында бәсеке бұл - Мәңгілік ел идеясы дамыған отыз елдің қатарында болу.
 
Мемлекет басшысы елдігіміз тұғырлы, тәуелсіздігіміз ғұмырлы болу үшін Мәңгілік ел идеясын қайта жаңғыртты. Енді барымызды бағалап, жоғымызды саралап, бір мүдденің аясында ұйыспақ керек.
 
Смағұл Елубай, жазушы:
Мәңгілік ел деген ұғымға тоқталар болсақ, ол қандай компоненттерден тұрады? Оның екі қанаты бар. Бір жағында - тіл, екінші жағында - дін. Ортасында сан деген болар едім. Саны көбеймей, ел болмайды.
 
Ғарифолла Есім, қоғам қайраткері:
Ең бастысы, бұл Қазақ елін мәңгілік қылатын қазақтар жақсы қазақ атануы керек. Жақсы қазақ деген ұғым бар. Жақсы қазақ болу үшін қанадай мәселе керек дегенде айтуға болатын үш нәрсе керек. Оның ой, пиғылы дұрыс болу керек, отансүйгіштігі, патриоттығы болу керек. Сөзі дұрыс болу керек шығатын, ісі дұрыс болу керек. Сол кезде осы жақсы қазақ елді Мәңгілік қылады.
 
Қазақтың Мәңгілік құндылықтары атадан балаға, баладан болашаққа қалатын мұра. Сол мұраның ең қастерлісі - Тәуелсіздік. Ендеше, атадан қалған аманатқа қиянат жасамай, ұрпақтар сабақтастығын үзбей келер күнге жеткізу – Азат елдегі азаматтардың мәңгілік парызымыз болмақ.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу