Сочи Олимпиадасына бабымыз қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сочи Олимпиадасына бабымыз қалай?

26.01.2014
Сочи Олимпиадасына бабымыз қалай?
 
Ертелі-кеш тыным таппаған, жаттығусыз жатпаған, саңлақтарын сайысқа баптаған бапкерлер тәрізді, қазір сіз де біз де атбегідей алаңдап жүрміз. Өйткені, аламан жақындаған сайын арғымағын айналшықтап шықпайды ғой атбегілер.
 
Ішкен асы бойына сіңбейді, дөңбекшіп көз ілмейді. Міне, қазақ жанкүйерлерінің қалі де осы атбегінің күйіне келеді. Сочиде өтетін Қысқы Олимпиадаға 12 күн қалды. Споршылардың бабы мен бағын бағамдайтын бәсі жоғары бәсеке қыр астында тұр.
 
Әр елдің мұраты басқа, діттегені бөлек. Олимпиадаға жаһан спортшылары алуан мақсат жетегінде келеді. Бірі әйтеуір жолы болып, жолдама алғандарына разы. Сонымен ел көріп, жер көріп қайтсақ, дейді. Енді бірі ең құрыса бір қоланы қалайда қоржынға салуды қалайды. Бірі алдыңғы ондыққа кіруді көздейді, кейінгісі жиырмалыққа жайғассам, дейді.
 
Енді АҚШ, Канада, Норвегия, Германия сынды мықтылардың қарым- қауқарларын өздеріңіз білесіз. Арғымақтай атой салып, шапқанда Шалқұйрықтай шаң қаптырады. Сондықтан, олар өзгелер секілді күміс пен қоланы місе тұтпайды, менсінбейді.
 
Олар үшін жүрек қалауы, аңсар арманы жалпы есепте топ жару, қоржынды сыңғырлатып алтынмен толтыру. Қалай дегенмен, аламанның аты аламан. Қай елге де тек жеңіс керек. Сочиге баратын қазақ спортшыларының бабы қалай, жүлде алу мүмкіншіліктері қаншалықты?
 
Көрінген таудың алыстығы жоқ. Әне-міне, деп жүргенде Сочи Олимпиадасы да таяды. ХХII Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы спорттың 11 түрінен қатысып, 58 спортшымыз бақ сынайды.
 
Олар - шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, фристайл, биатлон, шана спорты, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, сноуборд және тұғырдан шаңғымен секіру.
 
Енді байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшыларды атасақ. Шаңғы жарысынан 14 спортшы сынға түседі.
 
Ердос Ахмадиев, Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Марк Старостиндер бастаған бір топ спортшыдан жанкүйерлері үлкен үміт күтеді. Олардың арасында осыған дейін әлемдік додада топ жарғандар бар.
 
Конькимен жүгіруден 6 спортшы қатысады. Денис Кузин, Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Александр Жигин, Федор Мезенцев ерлер арасынан сынға түссе, әйелдерден Екатерина Айдова ел намысын қорғайды.
 
Мәнерлеп сырғанаудан жанкүйерлер Абзал Рақымғалиев пен Денис Теннің өнеріне үмітпен қарайды.
 
Шорт-тректен Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Ажғалиев, Артур Сұлтанғалиевтер жарысқа қатысады.
 
Фристайл бойынша 6 спортшыға сенім артамыз. Дмитрий Рейхерд, Сергей Берестовский ерлер атынан қатысса, әйелдер арасынан могул бойынша Юлия Галышева мен Дарья Рыбалова, акробатика бойынша Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова бар.
 
Биатлоннан 10 спортшы бақ сынайды. Ерлер бәсекесінде Диас Кенешев, Ян Савицкий, Сергей Наумиктар  жарыс жолына шығады. Ал әйелдер бәсекесінде Елена Хрусталева, Марина Лебедева, Дарья Усанова, Алина Райкова және Галина Вишневская жүлдеге таласады.
 
Шана спортынан 6 спортшымыз бәйгеге түспек. Артур Байбачинов, Сергей Коржнев, Юрий Веселов, Иван Макивчук, ал әйелдер арасынан Елизавета Аксенова, Татьяна Невзорова қатысады.
 
Тау шаңғысынан Игорь Закурдаев, Дмитрий Кошкин және Мартин Хубер сынға түседі. Сонымен қатар, Екатерина Черепанова бақ сынайды.
 
Шаңғы қоссайысынан Сергей Шарабаев, сноубордтан Валерия Цой қатысады.
 
Тұғырдан шаңғымен секіруден Марат Жапаров пен Алексей Пчелинцевке қазақ елі сенім артып отыр.
 
Алғаш рет 1924 жылы Францияда бастау алған қысқы Олимпиаданың соңғы көрсеткіштері мынау.
 
2002 жыл. Солт-Лейк-Сити: Норвегия бірінші, Германия екінші, АҚШ үшінші орын алған. 2006 жыл, Турин Олимпиадасы: Германия, АҚШ, Австрия. 2010 Ванкувер: Канада, Германия, АҚШ. Бұл жарыста Қазақстан 25-ші орынға ие болған еді.
 
Аламан бәйгеде АҚШ, Германия, Канадалар алғашқы бестіктен түскен емес. Мамандар болжамы да әр түрлі. Ванкуверде небәрі 3 алтын, 5 күміс, 7 қола медаль еншілеген Ресей жалпы есепте 11-орынды қанағат тұтты.
 
Ендеше өз жерінде өтетін додада орыстар аянып қалмасы анық. Ал қазақ жанкүйерлері өз спортшылары тым болмаса, 2-3 алтын әкеледі деп сеніп отыр. Бапкерлер мен спорт сарапшылары Алексей Полтаранинге үміт артады.
 
Спортшы былтыр «Тур де Ски» көпкүндігіндегі қос алтынын олжалағаны белгілі. Бұдан басқа Франция, Норвегия, Финляндия және Дания елдерінде өткен әлем кубогы жолында 2 алтын, 2 күміске қол жеткізді.
 
Конькимен жүгіру спортында Денис Кузин атты спортшымыздан да жүлде дәметуге болады. Ол былтыр Сочи қаласында өткен әлем біріншілігінде алтыннан алқа тағып, мәртебемізді бір көтеріп тастаған еді.
 
Кузиннің бұл жеңісі аталмыш жарыс барысында Қазақстан құрамасын бесінші орынға көтерген болатын. Алтын болмаса да, Кузин алғашқы үштікке енуі мүмкін. Келесі үміт - Денис Тенде. Ол осы күнге дейін мәнерлеп сырғанаудан әлем біріншілігінің күмісін еншілеген болатын.
 
Десек те, жоғарыда айтылған үшеуден бөлек Ванкувер Олимпиадасында күміске қол жеткізген биатлоншы қызымыз Елена Хрусталеваның да жүлдесіз қайтпайтынына сенуге болады. Соңғы Азия ойындарында спортшы қос алтын алған болатын.
 
Олимпиадаға осал спортшы бармайды. Қанша уақыт бойы кеткен күш пен еткен еңбектің нәтижесі шығады бұл күні. Сондықтан да, бәрінің мақсаты - бірінші болып жету. Біздің елдің атынан баратын спортшылар ел үмітін ақтауға қолдан келгенше тырысамыз, дейді.
 
Владимир Борцов, Шаңғы жарысынан ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы:
Бір қиын болып тұрғаны ондағы ауа райының қолайсыздығы. Температура тез өзгеріп тұрады. Жолдары да сырғанауға өте ауыр. Дегенмен, біздің спортшыларымыз да үлкен мектептен өткен, тәжірибелі шаңғышылар. Бәрі де жеңіске жету үшін аянып қалмайды.
 
Олимпиада ашылуында қазақ елінің туын шаңғышы Ердос Ахмадиев ұстап шығады. Спортшы өзіне артылған сенім мен жауапкершілікті сезінеді. Қазір күніне 3,5 сағат жаттығуда. Алғашқы ондыққа кіретініне сенімді. Жеңістен де үміті жоқ емес.
 
Ердос Ахмадиев, шаңғышы:
Дайындық жақсы. Оқу-жаттығу жиыны тауда өтіп жатыр. Қазақстан Туын алып шығу маған бұйырыпты. Мен қуаныштымын. Сочиде жеңіс тұғырына шығуға тырысамын.
 
Астанада Сочи Олимпиадасына қатысатын спортшыларды қолдау мақсатында «Бірге! Жеңіске!» атты республикалық акция өтті. Елордамыздың орталық саябағында Назарбаев орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға 200 адам қатыстып, бірнеше спорттық жарыста сынға түсті.
 
Дәл осындай шара Атырауда да өтті. Жанкүйерлер мұз айдынға жиналып, Сочи Олимпиадасына қатысатын спортшыларға қолдау көрсетті, сәттілік тіледі. Жұртшылық саңлақтарымыз Олимпиададан толағай жеңіспен оралатынына сенімді.   
 
Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу