Ұлт руханияты орны толмас қазаға ұшырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлт руханияты орны толмас қазаға ұшырады

26.01.2014
Ұлт руханияты орны толмас қазаға ұшырады
 
«Жалғаншы жарық дүние, бізден де бір күн қаларсың. Піл сауырлы қара жер, қойныңды ашып қол жайып, құшағыңа аларсың» депті кезінде Шәңгерей Бөкеев. Ұлттық руханиятымыз осы аптада орны толмас ауыр қазаға ұшырады.
 
75 жасқа қараған шағында қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова дүниеден озды.
 
Әбіш Кекілбайша айтсақ, періште әуезді перен ақын мәңгілікке көз жұмды. Қазақтың жұлдызы быжынаған жазғы аспанындай зеңгір көгіне жарық самала мәңгілікке орнады.
 
Ол ел арасында ақылман Абайдай, алдаспан Махамбеттей, айтқыр Қасымдай, ақиық Мұқағалидай айрықша қастерленді. Жұрт оны алмастай тіліп түсер өткірлігі үшін, қара қылды қақ жарған әділдігі үшін, бет қаратпас алапат батылдығы үшін өліп-өшіп жақсы көрді.
 
Фариза Оңғарсынова 1939 жылдың 25-ші желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысының ортасында жатқан Нарын құмында дүниеге келді. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітіргеннен кейін әуелі мектепте мұғалім, кейін облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің әдеби қызметкері болып еңбек етті.
 
Әр жылдары «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Пионер» журналында қызмет атқарды. Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрді. 2000-2004 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болды.
 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ақынның қайтыс болуына байланысты туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда Елбасы Фариза Оңғарсынованың ұлттық поэзиямызға өзгеше леп әкелген ерекше дарын иесі екенін атап өткен.
 
«Оның қаламынан туындаған нәзік те отты жырлар әрдайым халқымыздың жан-жүрегін еріксіз баурап алатын. Оның өлеңдерінен өзіне тән өр мінезі, өршіл рухы, адам жанының терең қалтарыстарына жіті үңіліп, соны таңқаларлықтай шеберлікпен аша білетін қуатты талант тегеуріні айқын сезіліп тұратын. Сондықтан да Қазақстан халқы ақиық ақын, тамаша журналист және еліміздің көрнекті қайраткерін ерекше қадірледі», - делінген жеделхатта.
 
Қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсыновамен қоштасу рәсімі ертең сағат 10.00-де Астана қаласындағы «Көрме» орталығында өтеді.
 
Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
Фаризаның мұндай үлкен бүкілхалықтық махаббатқа ие болуы шын мәнінде адам таңғаларлық құбылыс еді. Фаризаны бір кезде Ұлы Абай қайта тіріліп келсе, Абайға көрсететін ықыласпен қарсы алатын. Ауырып жатқан күндерінде бүкіл қазақ баспасөзінің қай-қайсыда Фариза шығармашылығына беттер арнады. Лебіздер білдірді. Фариза шын мәнінде бүкілхалықтық махаббатқа ие болып, соны өз көзімен көріп кетті.
 
Ақұштап Бақтыгереева, ақын:
Фариза кеткен жоқ. Фариза өлген жоқ. Оған аузым бармайды. Фариза алыс сапарға кетті. Оқырманымен елін сүйетін, «Мәңгілік елді» жасайтын ертеңгі жас ұрпақпен қайта кездесу үшін қайтадан оралып отырады. Ол ұмытылмас жыр болып, ұмытылмайтын ән болып, өзінің сүйген халқымен қайтадан кездесетін болады. Фариза өлмейді. Оның есімі өлмейді. Талай қазақтың қызы оның тағдыр туралы жазған жырларын өзіне жолдас етеді.
 

Хабарламаларға жазылу