Мемлекет басшысының түлеп-түрленетін, әр жылы қалың жұртшылыққа Жолдау жариялауы үрдісі үзілмейтін, халқын сүйсіндірген игі дәстүрге айналды. Бұл жолғы Жолдауы несімен ерекше болар екен, бұрынғыларына қарағанда қандай соқталы да сойлы мәселелер көтеріледі екен десіп, елеңдеп отыратын болдық.
Жалпы, азаттық алғалы Қазақстан халқына қанша Жолдау жарияланды. Олардың өзгешеліктері мен бағыт-бағдары қалай болды? Бұл осымен 18-ші Жолдау десек, бұрынғы саяси құжаттардан несімен ерекше түсті?
Дина Төлекова, тілші:
18 Жолдаудың әрбірінің өзіндік ерекшелігі бар. Осы жолы Президент «Мәңгілік ел» идеясына баса екпін түсірді. Енді басқа жылдардағы Жолдаудың ерекшелігіне тоқталайық.
Әлі есімде... Өткен тарих ел есінде.... Алғашқы Жолдау... Мынау залда отырған игі жақсымызға қарап - «уақыт керуеніне бөгет жоқ» екеніне тағы бір көз жеткізесің. Тура осы жылы «Қазақстан 2030» стратегиясы қабылданып, ел дамуының бағыты түзілді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
1998 жыл жақындап қалды.
Еркебұлан 5 жастағы ерке балатын. Президент Жолдауда ол кезде басты мақсат ретінде - мектептерді компьютерлендіру мәселесін қойған еді.
Еркебұлан Бөкейхан, мұғалім:
Ол кезде мен сияқты ауыл баласына арман еді - компьютер. Ал қазір ше? Қала тұрмақ, ауылдың мектептерін былай қойғанда, әрбір үйде компьютер бар.
Халықтың ахуалы мәз емес. Кәсіпорындар тоқырап тұр. Жалақы мен зейнетақы кешігеді. Қысы-жазы жылу, газ, ыстық су тапшы. Президент екінші Жолдауда «Бұған төзу мүмкін емес! Халық өркениеттің қарапайым игілігімен қамтамасыз етілсін!», деді. Жалақы мен зейнетақы уақытымен төленсін, деп тапсырды.
Тарихтағы ең қысқа жолдау. Екі-ақ бет. Бірақ, мазмұны салмақты. Онда Қазақстанның геосаясаттағы рөлі белгіленіп, ел қауіпсіздігіне қажет жаңа әскери доктрина қабылданды. 2000-шы жылы Гүлмира Кәрібаева Астанадағы балалар үйіне тәрбиеші болып келеді. Жалақы аз, күнкөріске әрең жетеді. Соған қарамастан, ол осында қаламын, деп шешті. Өйткені, жетімдердің әрбіріне пана болғысы келді, ана болғысы келді.
Гүлмира Кәрібаева, Астана қалалық балалар үйінің директоры:
2000-шы жылғы Жолдау есімде қалды. Өйткені, Президент жалақы мен зейнетақыны 30-40 пайызға көтерді. Халық ду көтерілді.
Қазақстан аяғынан тұрып келеді. Әлеуметтік ахуал жақсарды. Әсіресе, отандық қаржы секторы - әлемдік нарықта өзінің тұрақты дамуымен көзге түсті. Амбициясы зор Қазақ елі Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына кіруге құлықты.
Өмірзақ ақсақал «алтын қазық - ауылынан» алыстап көрген емес. Ырыс пен құт осында дейді. Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында рас, ауыл қатты құлазып кетті. Мал басы азайған соң, күллі тірліктен береке кетіп, халық қалаға үдере көшті.
Өмірзақ Әбдіғалиев, ауыл тұрғыны:
2002 жылы Ауыл жылы болып жарияланды. Сол кезде ақша бөлінді. Жолдар түзелді. Мектептер салынды. Фермерлерге жағдай жасалды. 7-8 шаруа қожалықтары ашылды. Үкімет қараған соң, мал басы көбейді.
2003-тің Жолдауында ішкі жалпы өнімді 3,5 есеге көбейтуді мақсат қылды. Мемлекет басшысы инвестициялық саясатқа көбірек көңіл бөле бастады. Және осы жылы Президент елді индустриялық-инновациялық бағытта дамыту қажеттігін алғаш рет айтты.
Болашақ ғалым Ержан Әмірбекұлы еліміздің экономикалық дамуын жіті зерт-теп жүрген кез.
Ержан Әмірбекұлы, экономика ғылымының докторы:
Тура 2004-ші жылғы Жолдауда Президент «Конкуренция» туралы айтты. Бәсекеге қабілетті ел туралы ұғым айтты. Ол біздің лексиконға еніп кетті. Сол кезден бастап тапсырмалардың барлығы шынайы өмірге еніп, біз шынымен бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірдік.
Ұлттық қорда 5 миллиард 300 миллион жиналды. Алтын-валюта резерві 14 миллиард доллардан асты. 10 жыл бұрын біз мұндайды армандамаушы да едік, деді Президент. Мемлекет басшысы орта және шағын бизнесті қолдауды тапсырды.
2006 жылғы Жолдауда интеграция мен жаһандық мәселелер қамтылды. Назарбаев Қытаймен өзара ынтымақтастықты дамыту жайын қозғады. Әйел мен бала құқығы күшейтілді, ана мен балаға төленетін әлеуметтік жәрдемақы көбейтілді.
Нұрсұлтан Ділдәбеков үшін 2008 жыл аса ауыр болды. Дағдарыс басталып, құрылыс тоқтап қалды. Нұрсұлтан амалсыз ауылға қайтты.
Нұрсұлтан Ділдәбеков, құрылысшы:
2008 жылғы жолдау есімде. Президент дағдарысқа қарсы шараларды тапсырды Үкіметке ақша бөлінді. Содан ауылдан бізді қайта шақыртты.
Әбігерге түскен әлем... Рецессия... Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында қайта мамандануға 140 миллиард теңге бөлінді. Бұл 350 мың адамды жұмыспен қамтуы тиіс. Ғаламдық құрылыс «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тас жолы салына бастады.
«Қазақстан - 2020» бағдарламасы қабылданды. Қазақстан ТМД шеңберінде алғаш болып, Еропадағы Ынтымақтастық және Қауіпсіздік ұйымына төрағалық етті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөз бар. Енді ұсақ тірлікті, берекесіз тірлікті доғарған жөн.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизацияланды.
Бақытжан - тағдырлы азамат. Ел Тәуелсіздік алған тұста, 1991 жылы ол Қырғызға барып, сауда жасап жүріп, қиындыққа килікті. Әлдекімдер ауыр соққыға жығып кетті. Басына 25 жерден операция жасалады. Қатты соққыдан азаматымыз есін ғана емес, өзін жоғалтты.
Арада 15 жыл өткен соң барып қана таныстары Қырғызстаннан тауып әкеліп, ет жақындарымен қауышады. Мүгедекпін деп отырмайды, бүгінде белгілі кәсіпкерлердің бірі.
Астанадағы Есіл аудандық мүгедек қоғамын басқарады. 18 Жолдаудың бірде-бірінде Президент әлеуметтік көмекке зәру - мүгедек жандардың жағдайын сырт қалдырған емес, дейді Бақытжан.
Бақытжан Сәрсенбаев, Астана қаласы, Есіл аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы:
Шет мемлекеттердегі сарапшылардың өзі Елбасымыздың 2050 стратегиясын өте орынды деп отыр.
Ғазизат Османқызы, саясаттанушы:
Жолдаулар бір-бірімен сабақтас болды. Біз неғұрлым көтеріліп, аяғымыздан тік тұра бастаған сайын Жолдаудың барлығы алдымызда қойған міндеттерді біртіндеп күрделендіре берді. Жолдау біздің елдің тарихы.
1997-ге қайта оралсақ...
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз дамудың соңында келеміз. Кестеге үңілейікші. Қазіргі таңда біз 75-ші орынға түсіп қалдық.
Ал бүгінгі дамуымызды сырт көз сыншымыз қалай бағалап отыр? «Дойнг Бизнес» рейтингісінің көрсеткіші бойынша, біз 47-ші орындамыз. Елуді еңсердік, отыздың арасынан орын іздеудеміз.
2014-тегі Жолдаудан тағы ой түйдік... Президент бұл жолы қазақ тілін дау қылмайық, деді. Үлкендер үшін үрейге айналған бұл сауалда жетімдер үйінің өзге ұлт балапандары баяғыда-ақ шешіп тастаған. Олар домбыра тартады, қазақ тілі олар үшін ана тілі...
Дина ТӨЛЕК