Экономиканы өрге сүйрейтін саланың бірі – ауыл шаруашылығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономиканы өрге сүйрейтін саланың бірі – ауыл шаруашылығы

19.01.2014
Экономиканы өрге сүйрейтін саланың бірі – ауыл шаруашылығы
Аграрлық сала қазақтың оң жамбасына келеді-ау. Тек осы заманғы техниканың тілін тап та, салаға енгіз, игілігін ел көрсін. Жалпы, ауыл шаруашылығын біз бірер сәттен соң тілге тиек қыламыз.
 
Әзірге, Жолдауға қатысты жарияланған тәуелсіз сарапшылар зерттеулерін бір шолып шығайық. Сауалнама 96 тәуелсіз сарапшы арасында жүргізілген. Барлық саланы қамтыған құжаттан олар 35 тезисті атап көрсеткен.
 
Жолдауды сарапшылардың 99 пайызы ел өміріндегі маңызды оқиға деп бағаласа, 97 пайызы Жолдауда айтылған идеялар қазақстандықтардың ойынан шығады деген.
 
Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқандардың 96 пайызы Жолдауда айтылған міндеттердің орындалу мүмкіндігі мол деп отыр. Ал, 95 пайызы құқық қорғау органдарының жұмысы айтарлықтай жақсаратынына сенеді.
 
Гүлжан Марқабай, тілші:
Дәл осы ауыл шаруашылығы саласында біздің мүмкіндігіміз зор. Даласы кең, жері жомарт Қазақ елі азық-түліктен тарығып отырған жоқ. Ендігі мақсат - экспорт. Өзімізден артылғанды өзгеге сатсақ, ұтарымыз мол болмақ. Мемлекет басшысы жер төсін емген диқандарға да, мал баққан шаруаға да, министрлікте отырған маманға да ортақ міндет қойды - ол инновацияның игілігін пайдала отырып, өнімнің санын да, сапасын да арттыру.
 
Азық-түлік қауіпсіздігі. Әлемді алаң қылған өткір мәселелердің бірі. 2050-ші жылға қарай жер тұрғындарының саны 9 миллиардты еңсермек. Қазір жетеу. Демек, азық-түлікке сұраныс еселеп өседі, қазірдің өзінде 1 миллиард адам ашқұрсақ жүр. 
 
Жасқайрат Сүндетұлы, Ауыл шаруашылығы академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы:
Бұл үлкен проблема болып жатыр. Халықтың саны әлемде өсуде. Сұраныс көбеюде. Барлық ел мүмкіншілігін пайдаланып жатыр.
 
Ендеше, қазақ та қарап қалмай, қамдануы тиіс. Барды ұқсата білу ләзім. Мемлекет басшысы, дихан қауымға құлаққағыс етті, өсіп шыққан масаққа масаттанбай, жаңа технологияның тілін үйреніп, өнімділікті арттыру қажет.
 
Жасқайрат Сүндетұлы, Ауыл шаруашылығы академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы:
Инновациялық технологияны қолданған әлем елдерінде дәнді-дақылдардың шығымы гектарына 40-50 центнерден болса, біз 10-12 центнерден аса алмаймыз. Сондықтан, олармен теңесу үшін біз өнімділікті 3,4 есе арттыруымыз керек. Ол үшін жаңа инновациялық технология, жаңа техника қолдану керек. Бұл дұрыс айтылды.
 
Шаруаның уайымы көп. Бастысы қаражат. Қаражатқа қол жеткізу қияметтің қайымы. Президент мұны біліп отыр. Шаруаның шаруасы шешілсе ғана экономикаға табыс әкеледі, сондықтан, фермерлерді ұзақмерзімді қаржыландыру, делдалға ұрынбай, нарыққа төте жолмен шығуы үшін жағдай жасауды Үкіметке арнайы тапсырды.
 
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» ХДП төрағасы:
Егер қазір сіз ауылда дихандық шаруашылықты ашайын десеңіз, не несие таппайсыз, не ақша таппайсыз. Несие алайын десеңіз, сіздің үйіңізді ешқандай банк кепілдекке қабылдамайды. Елбасымыз айтып отыр ғой, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге ұзақмерзімді несие беру керек, деді. Ауыл тұрғындары қуануы керек бұған.
 
Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жердің әр гектары халқымызда, экономикамызға жұмыс жасауы керек. Әр гектары қолайлы өнімін халқымызға жеткізуі керек. Осы жөнінде жақсы айтылды.
 
Қазақтың ауыл шаруашылғы бидай, әрі асқанда ұн экспорттайды. Ет пен сүттен әзірге ұяттымыз. Жылына 3500 мың тоннадан аса алмай отырмыз. 60 мың тонна деп алқынбасақ та, жылына 30 мың тоннаға қауқарымыз жетеді, дейді мамандар.
 
Анас Баққожаев, «Қазагроөнім» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
Әр шаруаның өнімді экспортқа шығаруға әлеуеті зор. Мүмкіндіктері бар. Бір ғана мәселе жаңа технологияларды дұрыс пайдала отырып, құнды төмендетіп, сапа бойынша бәсекеге қабілетті бола білу.
 
Малыңыз күніне 700 грамм салмақ қосып отырса, міне, осы технология. Дұрыс азықтандыруға мән берілуі керек, сонда етті, сүтті малдарды өсіру өнімді болмақ. Ол үшін бордақылау алаңдарын салу керек. Әзірге ел бойынша 7 ірі мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр.
 
Анас Баққожаев, «Қазагроөнім» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
Иә, біз қазақ атам заманнан мал бақтық, мұны біз өте жақсы білеміз дейміз. Бірақ әлемдік деңгейде әлі дұрыс азықтандыра алмай келеміз. Қоспалар шығаратын ірі халықаралық компаниялармен жұмысты бастадық.
 
Етті өңдеу өнеркәсібі ептеп - көктеп келеді. Астанадан шығатын мына шұжықтар ел ішіне тарады, кәсіпорын басшылары уақытты созбай шетелдің нарығына аяқ басуға қам жасап жатыр.
 
Жайнагүл Әбдірахманова, ет комбинатының маманы:
Жұмыс басталғанда шамалы болатын бізде. Қазір көбейді. Сонда күніне 100, 45, 80 болса, қазір 200, 250-ге дейін жетіп тұрмыз.
 
Австралияның бұқалары мен Канада сиырлары да қазақ жерінде алғашқы төлдерін бере бастады.
 
Далабай Шалабаев, жеке шаруа қожалықтың шаруашылық менеджері:
Біздің Ресейге, Қытайға экспортқа шығаратын ойымыз бар. Бағасы шетелдерде 5-6 мыңға жетеді.
 
Қазақтың жомарт жері бүгінгі 17 миллионды ғана емес, одан 3-4 есе көп халықты асырай алады. «Қалауын тапсаң, қар да жанады». Президент істің қиюын келтір, өніміңді қияға шығар, сат, пайда тап деп тапсырды. Өйткені, экономиканы өрге сүйрейтін негізгі саланың бірі - ауыл шаруашылығы.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу