Астанаға Катар мемлекетінің әмірі келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанаға Катар мемлекетінің әмірі келді

19.01.2014
Астанаға Катар мемлекетінің әмірі келді

Катар деген мемлекет бар. Парсы шығанағының Катар түбегінде жатыр. 2 миллиондай халқы бар. 1971 жылы тәуелсіздігін алған. Негізгі байлығы - мұнай. Елдегі ұлттық табыстың 90 пайызын мұнай өнеркәсібі береді.

 
Қазақстан мен Катар арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылы орнады. 1998 жылғы Қазақстан Президентінің сапарынан кейін екі ел арасында сауда-экономикалық байланыстар жедел дами бастады.
 
Бұл елге қазақ басшысы осы кезге дейін екі рет барып қайтты. Әлденеше рет бізге осы елдің әмірі де келіп кеткен еді. Айтпағымыз, сол Катардың жаңа шейхі бүгін біздің Президентпен кездесті.
 
Ол неге дәл демалыс күні келді екен деп ойларсыз. Мұсылман елдерінің көбінде жұма демалыс болғандықтан, жексенбі олар үшін әдетте жұмыстың қызатын шағы.
 
Астанаға Катар мемлекетінің әмірі Тамим бен Хамаду әл Тәни аялдады. Дәстүрлі Монархияның шейхі билікке өткен жылдың маусым айында мұрагерлік жолмен келген еді. Бұл әмірдің Қазақстанға тұңғыш сапары. Бүгін Ақордада Катар шейхіне құрмет көрсетілді. 
 
Алдымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Тамим Бен Хамад әл Тәни екеуара кездесті. Ел жетекшілері екі ел арасында пайда әкелетін салаларды атай отырып, әріптестікті дамыту жөнінде әңгімелесті.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің мемлекетке қош келдіңіз! Бұл сіздің Қазақстанға тұңғыш сапарының арадағы алыс- беріс өркендейді, деп сенемін.
 
Катарда екі миллиондай халық тұрады. Мемлекет табиғи газ қоры жөнінен әлемде үшінді орынды еншілейді. Жер-жаһандағы ең мықты алты газ экспорттаушы елдің бірі. Мұсылман мемлекетінде мұнай қоры да орасан.
 
Шикізат саудасы ел бюджетінің қомақты бөлігін құрайды. Сол арқылы Катар әлемдегі ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен көш бастап тұрған мемлекеттердің санатына кірді. Елде мұнай өңдеу, мұнай химия саласы, металлургия өте жақсы дамыған.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 22 жыл болды. Осы жылдардың ішінде біз экономикамызды 230 миллиардқа жеткіздік. Қазірдің өзінде дағдарысқа қарамай, экономикамыз 6 пайыздық көрсеткішпен өсіп келеді. Осы сапар екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жаңа дейңгейге көтереді, деп сенеміз.
 
Тамим бен Хамад әл Тәни, Катар Мемлекетінің Әмірі шейх:
Президент мырза, бізді жақсы қарсы алғандарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіреміз. Бүгінгі кездесуіміз Катар мен Қазақстан арасындағы байланыстарды жақсы жолға қоюға көмек береді, деп сенемін.
 
Қазақстан мен Катар арасындағы арадағы алыс-беріс жайына келсек, арада жоғары деңгейдегі бірлескен комиссия жұмыс жасайды. Бұл комиссияның отырысы бір рет Дохада, тағы екі рет Астанада өткен.  
 
Сонымен қатар, Катардың орталық банкімен де келіссөздер жүргізілген.   EXPO көрмесін өткізу барысында да бұл елден инвестиция әкелу ниеті бар. Бүгін шағын құрамдағы келіссөздерден кейін тараптар кеңейтілген отырыста кеңесіп,   бірқатар құжаттарды бекітуге уағдаласты.
 
Екі елдің үкіметтері арасында қосарланған салықты болдырмау және салықтан жалтаруға жол бермеу жөніндегі конвенцияға қол қойылды. «Тау-Кен Самұрық» акционерлік қоғамы  мен Катар компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісім бекіді және «Самұрық-Қазына» мен Катардың инвестициялық қоры арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.
 
Бір-біріне шалғай жатқан екі ел де өзара инвестиция алмасуға, тиімді келісімдердің санын   көбейте түсуге бейілді.
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу