Жетісу жеріне келетін туристер көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу жеріне келетін туристер көп

08.08.2018

Жетісу жерінде туризм саласы өркендеп келеді. Десек те, тау туризмі кенже қалып отыр. Сондықтан, Алматы облысының билігі таулы аймақтарды саяхатшылар үшін қолайлы етіп, жағдай жасауға кірісті. Әлемге әйгілі Шарын мен Көлсай сияқты көркі көз тартатын жерлерге қазір ат ізін салатын шетелдіктер көп. Мәселен, Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылдық округіне инвесторлар тартылып, арнайы орындарды салу жоспарланды. Сондай-ақ, осы игі бастамаға елді мекенде туып, түлеп ұшқан жастар да көмектесіп жатыр. Олар Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында қаржы жинап, ауылға кіреберіс қақпа салып берді.

Жаһанға жар салып, жарнама жасамаса да, Жетісудің көрікті жерлеріне келетін туристер аз емес. Әрісі Америка, берісі Еуропадан ат арытып, ағылғандар таулы аймаққа құмар. Сондықтан, олар әуелі Кегеннің кереметтерін көру үшін дүлдүлдер әнге қосқан Үш Меркі, айтулы Қарқара, Тоғызбұлақ, жердің көркі Жалаңаш сияқты ауылдарға бас сұғады. Жұртпен етене танысады, терең тарихына әбден қанығады.

Макс Альфред, турист:

- Алматы аймағына алғаш рет келіп отырмын. Алатаудың көрікті жерлерін араладық. Сатыда болдық. Ғажап әсерге бөлендік. Әлемнің көптеген жерлерінде болдым. Бірақ, осындай тұмса табиғатты бірінші мәрте көрдім десем артық айтқандық емес.  

Франко Юлесс, турист:

- Таулардың кереметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз әрине, көп жерді аралап үлгерген жоқпыз. Жалаңашты көрдім. Дегенмен, әлі де бірқатар көрікті жерде болсақ дейміз. Бірақ, уақытымыз тығыз. Енді келесі де ұзақ уақытқа келуді жоспарлап қойдым.

5000-ға жуық тұрғыны бар Жалаңаш бұрын Кеген ауданының орталығы болған. Ал, кейін орталық Кеген ауылына ауысты. Десек те, бұл жағдай елді мекеннің дамуына еш кедергі келтірмеді. Керісінше, Жалаңашқа барар жол жөнделіп, тақтайдай тегіс асфальт салынды. Ал, ауылдың шырайын кіргізетін орындарды қайта жаңғыртып, жаңасын тұрғызу ісі қолға алынбақшы. Себебі, мұнда туристер жиі келіп, қона жатады.

Тойғанбек Нұрмұханбетұлы, Кеген ауданы Жалаңаш ауылдық округінің әкімі:

- Туризм саласы бойынша біз ауылдың жанынан қонақ үй салайық деп отырмыз. Тағы да бір айтып кететін жайт, Жайдақбұлақ деген жерде ауылымыз бар. Сол жерден Айдын деген жігітіміз балық шаруашылығын ашайын деп жатыр. Олар үш коттедж саламыз деп отыр. Туризмді ары қарай дамытамыз деп отырмыз.

Ауылдың жастары - аса ұйымшыл. Тіпті, түлеп ұшқан азаматтар да қайда жүрсе де, туған жеріне деген сүйіспеншілігін ұмытпайды. Әр кезде ақылгөй ақсақалдармен кеңесіп, Жалаңаштың жанданып, гүлденуіне үлес қосып келеді. Міне, мына айшықты кіреберіс қақпаны ауылдықтардың басын қосып, ілкімді іске жұмылдыра білген белсенді жастар салып берді.

Сағатбек Медеубек, жазушы-тарихшы:

- Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласынан кейін шынында да бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінде қайта жаңғыру басталды. Шын мәнінде, жаңғыру жәй ғана сөзден емес, нәтижелі істермен көрініс тауып отыр. Кіреберіс қақпаның салынуы соның бір дәлелі.

«Туған жерге туыңды тік». «Рухани жаңғырудың» бір тармағы - осы. Тарихқа толы тау мен өзені бар Жалаңаш ауылының жастары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар алдағы уақытта өлкетану бағытында біршама іргелі істерді ілгерілетпекші.  

 

Алмат ӘБДІРАМАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу