«100 жаңа кітап» жобасы бойынша жыл соңына дейін 30 кітап аударылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«100 жаңа кітап» жобасы бойынша жыл соңына дейін 30 кітап аударылады

23.08.2018

«100 жаңа кітап» жобасы бойынша тағы  30 кітап жыл соңына дейін  аударылып бітеді. Ал, осы уақытқа дейін дайындалған оқулықтар барлық жоғарғы оқу орындары мен кітапханаларға жол тартты. Алдағы уақытта жеке баспалар да жаңа кітаптарды басып шығармақ. Бұл туралы бүгін Қызылордада өткен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» атты жиында айтылды.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры гуманитарлық ғылым саласындағы үздік 100 оқулықты таңдап, бір жылда соның 18-ін тәржімалады. Олардың әрқайсысы 10 мың данадан шығарылып, таратылды. Енді биыл тағы 30 кітап  аударылады.

Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры:

- Олардың бағыты әртүрлі. Соның ішінде 7-8-і кәсіпкерлік, экономикалық білім, менеджмент, маркетинг бағытындағы оқулықтар. Ондағы ойымыз - қазақстандық экономикалық бағытта жұмыс істейтін факультеттер, содан кейін бизнес-мектептермен бірге кәсіпкерлік мәдениетті насихаттауға көмектесетін бағдарламаны қазақ тілінде биыл бастауға дайын болу.

Аударма жасалмас бұрын барлық жоғарғы оқу орындарына өте қажетті оқулықтар тізімі жасалды.  800-ден астам кітапқа сұраныс түсті. Соның негізінде іріктеліп, қазақ тіліне аударылған  «Менеджмент», «Экономикс», «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» секілді кітаптар студенттерге, жастарға, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер үшін таптырмас дүние. Тілі түсінікті, қарапайым жазылған. 

Бақыт Әбжет, «Рухани жаңғыру» орталығының бас маманы:

- Жаңа оқулықтар қазіргі көзқарасты, ғылымның деңгейін, ақпараттың молдығын көрсететін бірден-бір әлемге кең тараған еңбектер деп айтуға болады.

«100 жаңа оқулық» жобасы бойынша 300-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Аудармаға қойылатын басты талап - белгілі бір идеялардан бейтарап болу. Осы және өзге де шарттарға сай келетін оқулықтардың тағы бір парасы жыл соңына дейін оқырманға жетеді.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу