Отандық мамандар таптырмас тәжірибе алуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық мамандар таптырмас тәжірибе алуда

23.04.2018

«100 жаңа кітап» жобасы аударма саласына жаңа серпін береді. Аударма ісімен айналысып жатқандардың пікірі осындай. Тіл мамандары тың ізденіспен қатар жаңа халықаралық терминдерді де қазақшаға бейімдеген. Қазір гуманитария саласындағы 30 кітапты аудару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Өткен жылы француз тілінен философиялық екі еңбекті тәржімалаған Айымжан Әбуқызы енді 2017 жылы Кембридж университетінде жарық көрген дипломатия саласына қатысты тың туындыны аударып жатыр. Жоба аясында тіл маманы тек аудармамен ғана емес, шетелдік авторлармен де байланыс орнатқан. 

Айымжан Әдуқызы, Жетісу мемлекеттік университеті Шетел тілдері және аударма кафедрасының меңгерушісі:

- Студенттер оқитын болғандықтан, түсінікті болсын десек, екінші жағынан оны жеңілдетпей классикалық үлгісін сақтап қалуға тырыстық. Тіпті үздік авторлармен кездесіп, хат-хабар алмасып,  сөйлесіп отырып, аудардық.

«Ғылыми еңбектерді шет тілінен тікелей қазақшаға аудару өте маңызды», - дейді ғалымдар. Себебі, осыған дейін оқу ордалары орыс тіліндегі кітаптарды пайдаланып келген. «Кез келген тілде ғылыми ақпарат сақталса және ол тілде ғылыми әдебиеттің қоры мол болса, ол соншалықты тартымды болады», - дейді отандық ғалымдар.

Шерубай Құрманбай, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Жақсы маман болу үшін құнды ғылыми ақпаратты алу маңызды. Әрине, көркем әдебиетті оқу жақсы. Ал, маман болу үшін ғылым саласындағы 100 жыл бұрынғы еңбектермен қаруланып, ақпарат алатын болсақ, гуманитарлық саладағы жаңалықтар бізге кеш жетіп, бәсекеге қабілеттік жағынан жауап бере алмауымыз мүмкін.

Өткен жылы әлемдік әдебиеттің 18 жауһары қазақ тілінде сөйледі. Биыл 30 ғылыми еңбекті аудару жоспарда бар. Отандық мамандар осылайша тек аудармамен ғана емес, халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, біліктіліктерін арттыруда.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу