Дөңгелек үстелге қатысқан Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, еліміздегі оқушылардың 42 пайызы жаңартылған білім беру аясында оқытылып жатыр. «Алайда, жаңа бағдарлама мұғалімдер үшін қиын болып тұр», - дейді вице-министр. Себебі, білім беру әдісі өзгешелікті, дайындықты қажет етеді. Жиынға қатысқан депутат Бекболат Тілеухан болса, осы бағдарламадан кейін қазақстандық оқушыларға жүктеменің күшейгенін айтады.
Бекболат Тілеухан, ҚР Мәжіліс депутаты:
- Қазақстанда бұдан ауыр жағдайды көріп тұрған жоқпын. Неге десеңіз, жаңартылған мазмұн деп вице-министр айтып жатыр. Ал, шын мәнінде қараңыз, ғалымдардың айтуынша, қабілетті бала әліппені 22-24 күнде үйренеді. Қабілеті жоқ деген бала әрі кеткенде 60 күнде үйренеді. Ал, менің 1-сыныпта оқитын балам 26 ақпанда әлі «ю» әрпінде жүр, 7 ай оқып жатыр. Балада еңсесін көтеріп, ойнайтын мүмкіндік жоқ. Таңертең мектепке 8:30-да кетіп, үйге 5-те келеді. Не алып жатқан білімі жоқ, не бала болып демала алмайды, не түстен кейін дзюдоға бармайды, не домбырасын тарта алмайды.
Асхат Аймағамбетов білім саласындағы жаңашылдықтармен де таныстырып өтті. Енді мектеп оқулықтары бұрынғыдай 4 жыл сайын қайта басылып шықпайтын болды. Тек жалпыға міндетті білім беру стандарты өзгерген жағдайда ғана кітап жаңармақ. Сондай-ақ, үшінші, алтыншы, сегізінші сынып оқулықтарының электронды нұсқасы дайындалады. Бұдан өзге, вице-министр мектеп оқулықтарының авторлары мұғалімдер мен әдіскерлер болатынын жеткізді. Соның арқасында кітаптардың сапасы артпақ.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ