«100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары ел дамуына қосып, ілкімді істерін ілгерілетіп отыр. Себебі, қазір қол қусырып, алақан жаятын кезең емес. Тірліктің ебін тапқан ағайынды Ержан мен Қуаныш ғылым жолында тер төгіп, елдің рухани құндылығын байытуға ден қойды.
Олар қоғамдық ғылымдардың ішіндегі аударма ісін таңдаған. Сол арқылы қазақтың бай әдебиетін ағылшын, түрік тілдеріне аударып әлемге танытып келеді. Енді ежелгі тарихи қолжазбаларды қазақ тіліне тәржімалап, толымды кітап етіп басып шығармақшы. Тілші Нұрлан Асқарұлының материалы.
Ағайынды Ержан мен Қуаныштың мамандықтары да, таңдаған жолы да бір. Екеуі де түрік және ағылшын тілін жетік меңгерген. Сондықтан, олардың еңбегін бағалаған көпшілік «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы болуға лайық деп тапты.
Ержан Жұмабек, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ақын-аудармашы:
Елбасымен екі рет кездесіп үлгердім. Ол менің өмірлік жолымдағы ешқашан ұмытылмас сәттер. Кездесу барысында ол кісі еңбек жайлы көп нәрсе айтты. Бізге үлкен мотивация болды.
Ал, Қуаныш Жұмабек Түркия мемлекетінің Нийде университетінің докторантурасын тәмамдады. Аударма саласында елеулі еңбектері бар. Ол әлемнің әр қиырын аралап, жинаған тәжірибесін қоғамдық ғылымдарды дамытуға жұмасамақшы.
Қуаныш Жұмабек, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, PhD докторы:
Мен ғылым категориясы бойынша «100 жаңа есімге» ендім. Атап айтар болсақ, 2015 жылы Анкара қаласында «Ағылшынша үйренейік» атты әдістемелік оқулығым шықты. Бұл оқулық қазақ аудиториясына арналған. Бүкіл ағылшын тілінің грамматикасы қазақ тілінде түсіндіріліп берілді.
Түркі халқының қара шаңырағы саналатын Ұлы даладағы таңбалар мен мәдени мұралар түркі дүниесіне ортақ қазына. Алайда, бұл жәдігерлердің мән-мағынасын әлі де езрттеп, зерделеу қажет. Сондықтан, ағайынды ғалымдар осы еңбектерді аударсақ деп құлшынып отыр.
Ержан Жұмабек, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ақын-аудармашы:
Қуаныш Жұмабек яғни, туған інім екеуміз қазір «Жастар жылы» аясында қазақтың 100 ақынының өлеңдерін түрік тіліне аударудамыз. Бұйыртса, «Ұлы даланың 100 ақыны» деген атпен кітап болып жарық көреді.
Әлем архивтерінде шаң басқан, ежелгі қолжазбалардың біразы әлі күнге дейін зерттелмепті. Енді жас ғалымдар Ержан мен Қуаныш осы тарихи құжаттарды әдеби айналымға енгізу жолында еңбек етпекші.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ