Қытай әскері Гонконг маңында әскери жаттығу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай әскері Гонконг маңында әскери жаттығу өткізді

15.08.2019

Қытайдың әскери полициясы шерулер жалғасып жатқан Гонконг шекарасы бойында жаттығу өткізіп жатыр. Олармен бірге Шэнь-чжэньге сауытталған машиналар мен су шашатын техника жеткізілген. Бұған дейін ресми Бейжің Гонконгтегі жағдайды реттеуге қатаң шара қажеттігін ескерткен еді. Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті «бұл қала маңына полиция күштері шоғырланды» деген хабарға алаңдаушылық білдірді. Гонконгта қылмысты деп танылған адамдарды Қытайға және өзге елдерге экстрадициялауға қарсы манифестациялар он апта бұрын басталған еді. Осыған байланысты, даулы құжатты қарау тоқтатылды. Бірақ шерушілер оны күн тәртібінен мүлдем алып тастауды талап етуде. Қарсылық акциялары бірнеше мәрте полициямен қақытығысқа ұласқан. Британияның бұрынғы отары — Гонконг Қытайға 1997 жылы қайтарылды. Сол кездегі келісім бойынша, Бейжіңдегі коммунистік үкімет аралдың саяси және экономикалық құрылымын өзгертпеуге уәде берген еді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу