Халықаралық тілшілер жиынында су мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық тілшілер жиынында су мәселесі талқыланды

13.08.2019

Әлемде 1,2 миллиард адам суға қолжетімсіз жерлерде өмір сүреді. Дүниежүзі халқының 4 миллиардқа жуығы жылына кем дегенде бір ай бойы ауызсуға зәру болады. Болжамдарға қарағанда, 2030 жылға дейін 700 миллион адам су тапшылығы салдарынан тұрғылықты орнын ауыстыруға мәжбүр болмақ. Бұл мәселелер «Суды үнемдеу» тақырыбында Америкада өткен халықаралық тілшілер жиынында айтылды.

АҚШ мемлекеттік департаменті ұйымдастырған журналистер жиынына Ұлттық арна тілшісі Фариза Мұсақызы да қатысып келді. Осы саладағы білікті сарапшы мамандармен сұхбаттасты.

Том Харви, Халықаралық экология және технология қорының негізін қалаушы:

Су мәселелерін шешуді қазірден бастап қолға алмасақ, келешекте күрделене түспек. Бұған климаттың өзгеруі салдары да әсер етіп отыр. Құрғақшылық, су тасқыны, су құрылғыларының дұрыс орнатылмауы, таза суды дұрыс тазаланбау – жалпы осы тақырыпқа қатысты қандай түйткілдер болса да, оны жалғыз ғана үкіметтің мойнына жүктеп қоюға болмайды. Бұл - осы салада жүрген жеке компанияларға қатысы бар проблема, әр адамның жауапкершілігі. Түйткілді шешу үшін мемлекет пен жеке сектор бірігіп жұмыс істеу керек. Ал ең бастысы, адам өзінен бастау керек. Үйде суды үнемді пайдалану қажет.

Бүгінде АҚШ суға қатысты түйткілдері бар 10 елге көмектесіп жатыр. Қазақстан бұл тізімге кірмейді. Дегенмен, көптеген елдің басты мәселесіне айналған су тапшылығы Қазақстан үшін де өзекті. Өйткені еліміздегі су қорының 40%-дан астамы шекаралас елдердің аумағында қалыптасып, су артериялары арқылы ағып келеді. Сол себепті мамандар ғаламдық климаттың өзгеруі мен шаруашылқ егістік көлемінің ұлғаюы аясында аталмыш жағдайға мейлінше көңіл бөлу қажет екенін айтады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу