Алматы облысында жаңа жұмыс орындары ашылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жаңа жұмыс орындары ашылуда

05.07.2019

Президент ұсынған 10 бағыттың 4-бағытында айтылған осы мәселелер қазір біртіндеп іске аса бастады. Мәселен, Алматы облысы Жамбыл ауданында әлеуметтің әлеуетін көтеруге арналған бірнеше бастама қолға алынды. Жергілікті билік жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғын үй саясатына қатысты шараларды қабылдап жатыр. Тақырыпты тілші толықтырсын.

 

Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Биыл дала диқандары отыз гектар жерге Голландиядан әкелінген картоп еккен. Олар осы күзде 80 тонна өнім жинаймыз деп отыр. Ал, келесі жылы шаруалар зауыт пен қойма ашып, картоптан дайындалатын түрлі өнімдерді нарыққа шығармақшы. Соның нәтижесінде, 1000 адам жұмысқа орналасады.

 

Ерсін Құрмашев, агроном:

 

Егер де биыл жақсы-жақсы результаттарды алып жатсақ, келесі жылы мына жердің бәрін көбейтсек пе деген ой бар. Бір 50 гектар, 100 гектардай көтерсек пе деп.

 

Юрим Брак, агроном /Нидерланды Корольдігі:

 

Сапалы өнім алу үшін ең бастысы ауа-райы қолайлы болуы керек. Бұл жер картоп өсіруге өте ыңғайлы. Сондықтан, біз сіздермен жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз.

 

Тілші: Сонымен қатар, өлке бағбандары 70 тоннаға жуық өнім беретін, аумағы 60 гектардан астам жерге алма бағын баптауға кірісті. Бақ толыққанды осы заманға сай озық технологиялармен жабдықталған. Енді мұнда өнімдерді сақтайтын қойма мен алма шырынын шығаратын зауыт салынады.

 

Жанат Алтынқадысұлы, кәсіпкер:

 

Дәстүрлі бақтармен салыстырмалы түрде мұның ерекшелігі 5 есе артық өнім береді. Себебі, бұл тамшылатып суарылып отыр, екінші мұның тұқымы сондай ерекше тұқым. Мұны шетелден арнайы тапсырыспен алғыздық.

 

Тілші: «Ауыл шаруашылығы дамыса, әлеуметтің әлеуеті де артады», - дейді аграрлар. Сондықтан, "Жастар жылына" орай, аудан орталығы Ұзынағашта, биыл 20 пәтердің кілті жас мамандар мен көпбалалы шаңырақ иелеріне табыс етілді. Ал, қазір өңірде 1700-ге жуық адам үй кезегінде тұрса, солардың 385-і көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар.

 

Нұрлан Ертас - Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

 

Әлеуметтік осал отбасылар, көпбалалы отбасыларға қазір баса назар аударылып жатыр.

 

Одан бөлек бізде биылғы жылы үш көпқабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына қажетті құжаттама жасау үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастырылды.

 

Биыл Мемлекет басшысының "Өңірлерді дамыту" туралы тапсырмасына сәйкес, аталған ауданда бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Ал, аймақта қордаланған мәселелерді жергілікті билікпен бірге, халық та тізе қосып, шешуге атсалыспақшы. Әкімдік өкілдері жұрттың талап-шағымдарын дер кезінде қарап, қағазбастылықпен ұзаққа созбай реттеуге кірісті.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу