Норвегия кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына қаржы құюға ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Норвегия кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына қаржы құюға ниетті

20.06.2019

Қазақ еліндегі тұрақтылық пен қолайлы инвестициялық климат шетелдік инвесторларды қызықтырып отыр. Қалталыларға мол мағлұмат беру үшін еліміздің Норвегиядағы елшілігі Ослода арнайы бизнес семинар ұйымдастырды.

Басқосуға жиналған 20-дан астам компания өкілдеріне Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен «Қазақинвест» менеджерлері елдегі бар әлеуетті паш етті.

Қазақстан – Норвегияның Орталық Азиядағы басты серіктесі. Біздің ел Скандинавия түбегіндегі мемлекетке негізінен бидай, ауылшаруашылығы өнімдерін, түсті метал, өнеркәсіпке қажетті құрал-жабдық экспорттайды. Ал, Норвегиялықтар Қазақстанға балық, пластик, химия өнеркәсібіне қажетті тауарлар мен құрал-жабдық тасымалдап отыр.

Былтыр екіжақты сауда айналымы 60 млн долларды құрады. Алыс-берісті арттыруға қазір қос тарап та құлшынып отыр.

Қазақстанға инвестиция құю – Норвегия кәсіпкерлері үшін Еуразиялық экономикалық Одақ елдеріне, алып Қытай нарығына шығуға таптырмас мүмкіндік. Елдің транзиттік-көлік әлеуетінің арқасында қалталылар тауарын Батыстан Шығысқа бар-жоғы 15 күннің ішінде жеткізеді. Жылдам, арзан әрі сапалы қызметтің қос елге де пайдасы көл-көсір.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

Қазақстан мен Норвегия қатынасы қазір жаңа, сапалы деңгейге өту кезеңінде тұр. Елдің сыртқы істер министрі Ине Эриксен Сөрейдемен кездесу кезінде біз көлік, логистика, ауылшаруашылығы салаларында ынтымақты арттыру жайын талқыладық. Норвегияның экологиялық таза электрэнергиясын өндірудегі тәжірибесі зор. Сондықтан біз энергияның баламалы көздерін пайдалану бойынша іскерлікті арттыруымыз қажет.

Осы мақсатта арнайы құрылған елорададағы «жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар» орталығының жұмысына норвегиялықтар қызығып отыр. «Бір терезе»қағидасы бойынша құжаттарды электронды тапсырып, қағазбастылықсыз Қазақстанда кәсіпорнын 3 күнде ашатынына қалталылар аң-таң.

Арне Сундт-Бжерк, кәсіпкер:

Қазақстан – бүгінде әлем танитын мемлекетке айналды. Елдеріңіздегі кәсіппен айналысу мүмкіндіктері, инвесторларға жасалатын инфрақұрылым ұнады. Біз туризмді дамытумен айналысамыз. Сондықтан, болашақта Норвегиялық туристердің Қазақстанға сапарын ұйымдастырсақ дейміз.

Торстейн Индребө, кәсіпкер:

Мен энергия секторынан болғандықтан бізге жаңа технологияларды дамыту, күннен энергия алу мәселесі қызық. Қазақстанда жылдың 260 күнінде күн шығып тұрады дейді. Бұл алып әлеует. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы саласына қаржы құйсам да өкінбейтіндей сияқтымын.

Скандинавия кәсіпкерлері «Астана қаржы» орталығы мен IT стартаптар технологиялық паркінің жұмысына да белсене қатысуға ниетті. Еліміздің Норвегиядағы елшісі Еркін Ахинжанов қосымша ақпарат алып, елмен етене танысқысы келетін қалталыларға келесі бизнес форумды Қазақстанда ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

 

Хабарламаларға жазылу