Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде

14.06.2019

Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінен соң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан астанасы Душанбеге ұшып барды. Ертең онда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің отырысы өтеді. Ал бүгін қос Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Раxмон  екіжақты кездесу өткізбек. Біздің арнаның түсіру тобы да маңызды шарадан хабар таратын болады. Дәл қазір әріптесім Асима Нұрбайқызы бізбен байланыста.

 

Асима Нұрбайқызы, тілші:

 

Бірер сағат бұрын Қазақстан Президенті Душанбе әуежайына келіп қонды. Бұл  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде Тәжікстанға алғашқы сапары. Қазір екі елдің президенті екіжақты кездесу өткізбек. Онда елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыру, сауда-экономикалық, мәдени байланыстар жайы талқыланбақ. Жалпы, екі елдің достығы берік, бірлігі бекем. Қазақ-тәжік дипломатиялық қарым-қатынасына ширек ғасырдан асты. Стратегиялық серіктестік туралы келісімге уағдаласқан ортақ құжат та бар. Достық қарым-қатынас ықпалының арқасында өзара сауда-саттық артып келеді. Былтыр алыс-беріс 840 миллион доллардан асқан. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Қазақстаннан Тәжікстанға жөнелтілетін тауар көлемі де көбейген. 13 пайызға. Екі жақты тауар айналымының басым бөлігі біздің елге тиесілі. Барыс-келіс, алыс-беріс алдағы уақытта да ұлғаяды. Ал ертең Душанбеде 27 елдің лауазымды мемлекеттік тұлғалары қатысатын ауқымды шара өтеді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің кезекті отырысы басталмақ. Салмақты саяси шараға Душанбеде қазір дайындық қызу. Тіпті, маңызды жиын үшін мұнда үш күн бойы демалыс жарияланған.  Әзірге мендегі ақпарат осы.

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу