Қазақстандық виолончельші  Эльдар Сапараев – Бельгиядағы жерлестеріне арнап жеке концертін өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық виолончельші  Эльдар Сапараев – Бельгиядағы жерлестеріне арнап жеке концертін өткізді

29.05.2019

«Бахтан - Абайға дейін». Осындай атпен танымал қазақстандық виолончельші  Эльдар Сапараев – Бельгиядағы жерлестеріне арнап, жеке концертін өткізді. Еліміздің Бельгиядағы елшілігінде өткен өнер кешіне дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, қазақстандық студенттер және қазақ қауымдастығының өкілдері қатысты. Швейцария мен Германияның үздік оркестрлерінің концертмейстері, Бах атындағы академияның мүшесі Эльдар әлемнің үздік сахналарында өнер көрсетіп жүр. Ол мықты музыкант қана емес, кәсіби дирижер ретінде Еуропалықтарға жақсы таныс. Жерлестеріне Эльдар Бахтың үздік туындыларын орындады. Сонан соң, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, гобойшы, Гүлмира Мұздыбаевамен бірге Абайдың әндерін, қазақтың ұлттық жауһарларын көпшілікке паш етті. 

Эльдар Сапараев, виолончельші:

Бұл концертті Бельгиядағы жерлестеріммен жақынырақ танысу үшін ұйымдастырдық. Швейцарияда тұрып, жұмыс істесем де, елімді сағынып, 2-3 ай сайын Қазақстанға барып тұрамын. «Қан тартады»- дейді ғой, бүгін жерлестерімді көргеніме, өнерімді көрсеткеніме қуаныштымын. Біздің қазақта мықты композиторлар өте көп. Солардың шығармаларын шетелдіктерге кеңінен танытсам деймін.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу