Шетелдік содырлардың көбі мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік содырлардың көбі мерт болды

11.04.2019

Сирия мен Иракта «ДАИШ» жағында соғысқан шетелдік және ортаазиялық содырлардың көбі мерт болды немесе тұтқынға алынды. Бұл жөнінде осы экстремисттік топтың бұрынғы мүшесі – Тәжікстан азаматы Әбдул Ахад Рустам Назаров «Рейтер» агенттігіне айтып берген. Оның сөзінше, шетелдік «даиштықтар» Мосул, Баиджи, Ракка қалалары үшін шайқаста мыңдап қырылған. Сонымен қатар, «ДАИШ» өз қатарынан қашқандардың көзін жойып отырған.

28 жастағы Назаров бір кездері Мәскеуде такси жүргізуші болып жұмыс істеген екен. Ол Сирияның Бағуз ауылы үшін болған шайқаста қаруын тастап, күрд отрядтарына берілді. Айтуынша, «ДАИШ» басып алған аудандарда талай бала аштықтан шетінеген.

Сол құрбандардың ішінде оның екі баласы да болыпты. 2014 жылы халифат жариялаған «ДАИШ» Иракта жаулап алған территорияларының барлығынан 2017 жылы айырылды. Ал, өткен айда Сирия демократиялық күштері олардың соңғы анклавы Бағуз ауылын басып алған.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу