Брюссельде шоколад көрмесі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде шоколад көрмесі өтіп жатыр

22.02.2019

Тәттісүйер қауым бүгін Бельгияға жиналды. Ел астанасы Брюссельде дәстүрлі шоколад көрмесі ашылды. Көпшілікке «Шоколад салоны» деген атпен таныс жәрмеңке алғаш рет осыдан 25 жыл бұрын Парижде өткізілген. Сол уақыттан бері шара Франциядан бөлек тағы 23 елде ұйымдастырылды.

8 мың шаршы метр аумақты алып жатқан алып залда ине шаншар жер жоқ. Алыс-жақын мемлекеттерден тәтті жәрмеңкесіне арнайы келгендер көп. Сол көптің көңілінен шығу үшін кондитерлер де барын салған. Бірі әйелдерге арналған сөмке, туфли, боянатын заттар жасаса, енді бірі ерлер үшін автокөліктің қосалқы бөлшектерін, тапаншаға дейін шоколадтан айнытпай құйған. Соңғы үлгідегі фотоаппарат, ұялы телефонның қасында тоқ жоқ кезде пайдаланған шоқ үтіктер де тұр.

Француаз Гомез, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Жылда осы көрменің арқасында тәттілердің жаңа түрімен, оны шығаратын компаниялармен танысамыз. Мысалы, бүгін өмірімде бірінші рет ащы бұрыш қосылған шоколад жеп көрдім. Ұнады. Күніне бір мезгіл шоколад жемесем, басым ауырады.

Ферит Озтэр, турист:

- Бельгияның шоколады Швейцариянікіне қарағанда дәмді. Сол үшін осы көрмеге арнайы келіп, бірнеше келісін сатып алып кетемін. Шоколад өндірісі жыл өткен сайын дамып келеді. Бұрын тек ақ, қара түрін ғана білуші едік, қазір қызыл күрең түстісі де бар.

Биылғы көрмеде сан ғасырлық тарихы бар ірі фабрикалармен жақында ашылған шағын кондитерлік цехтер бәсекеге түсіп жатыр. Тәттісін таратып, тегін шеберлік сабақтарын өткізген кондитерлердің көздегені бір. Тауарын барынша жарнамалап, мол табысқа кенелу.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Екінші залда шоколадтан жасалған киімдерді көрсетуге қызу дайындық жүріп жатыр. Мысалы, мына көйлекті тігуге кондитерлер 5 келі шоколад жұмсапты. Өкінішке қарай, киіп көруге болмайды. Тек маған мына басымдағы қалпақты киюге ғана рұқсат етті. Мұның өзі ап-ауыр. Ал, мына қолшатырды мамандар 3 келі шоколадтан жасапты.

Әртүрлі стильде жасалған киімдердің көркі көздің жауын алады, иісі мұрын жарады. Сырт көзге оңай көрінгенімен, матаға желімсіз, жіпсіз шоколадты қондыру асқан төзімділікті қажет етеді. Дизайнерлер әр костюмды жасауға 3 ай уақытын сарп еткен. Ендігі міндет - көрме өтетін 3 күнде «тәтті киімдердің» еріп кетпеуін қадағалау. Ең үздік костюмдер Брюссельдегі шоколад мұражайына қойылады. Қалғандарын шара аяқталған соң жеуге рұқсат.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу