Сирияда «ДАИШ» қарулы тобының соңғы бекіністерін алу операциясы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирияда «ДАИШ» қарулы тобының соңғы бекіністерін алу операциясы басталды

11.02.2019

Оны күрдтер мен араб отрядтарынан құралған Сирияның оппозициялық демократиялық күштері жүргізіп жатыр. Ал, Пентагонның зерттеуіне қарағанда, «ДАИШ»-қа қысым жасалмаса, ол Араб Республикасын қайта шабуылдауға кірісуі мүмкін.

АҚШ-тың қолдауына сүйенген Сирия демократиялық күштері «ДАИШ»-тың қолындағы соңғы анклавты алуға сенбі күні кірісті. Ұрыс қазір елдің шығысындағы Иракпен шекаралас Дейр-әз-Зор провинциясының екі ауылы үшін жүріп жатыр. Сирия оппозициясының күштері негізінен күрд отрядтарынан құралған. Олар басымдық байқатып, «ДАИШ»-тың 41 позициясын басып алған. Болжамдарға қарағанда, бұл соғыс ақпанның соңына дейін жалғасуы мүмкін. Өйткені радикалдық топ соңғы бастионын қорғауға 500-600 өте тәжірибелі адамын жұмылдырып отыр.

Елдің солтүстігі мен шығысындағы үлкен аумақта «ДАИШ»-қа тойтарыс берген Сирия демократиялық күштерінің айтуынша, оларға өте тәжірибелі жиһадшылар қарсылық көрсетіп жатыр.

Операция қарсаңында 20 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. Дегенмен, соғыс жүріп жатқан ауылдарда мың шақты бейбіт тұрғын қалып қойды деген мәлімет бар. Олардың бір бөлігі жол тауып, басқа елді мекендерге қашып жатыр. Босқындардың ішінде «ДАИШ» содырларының туыстары мен отбасы мүшелері де аз емес.

2014 жылы «ДАИШ» Ирак пен Сирияда Ұлыбританияның аумағындай жерді басып алып, онда халифат жариялап, 7,7 миллион адамға билік етті. Бірақ былтыр желтоқсанда президент Дональд Трамп мәлімдегендей, іс жүзінде «ДАИШ»-тың содырлары қалған жоқ, сондықтан Америка әскері Сириядан шығарылуы керек.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, Сирия мен Ирак аумағында «ДАИШ»-тың 18 мыңдай мүшесі бар. Олардың 3 мыңы – шетелдіктер. Ал, Пентагон өткен аптада жариялаған баяндамаға жүгінсек, «ДАИШ»-қа тұрақты түрде қысым жасалмаса, ол Сирияда алдағы бір жылда тағы территорияларды басып алуға кірісуі мүмкін.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу