Мәскеулік студент қыздар қазақ тілін арнайы интернет канал арқылы насихаттап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеулік студент қыздар қазақ тілін арнайы интернет канал арқылы насихаттап жүр

17.01.2019

Осыдан 15 жыл бұрын Мәскеу қаласындағы мемлекеттік лингвистикалық университетте Қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы ашылған. Бұл жерден күні бүгінге дейін 50-ге тарта ресейлік студент қазақша үйреніп шықты. Олардың арасында оқуын аяқтаса да, қазақ тілін ұмытпай, керісінше, оны өз еркімен насихаттап жүрген жандар да бар. Мәселен, жақында Елизавета Осипова мен Анастасия Решетникова Youtube-тен «Мәскеу қазақша» деп аталатын арнайы канал ашып, Мәскеудің көшелерін қазақша таныстыра бастады.

Бұл арнаның авторлары – Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің түлектері Елизавета Осипова мен Анастасия Решетникова. Олар сол студент кездерінде 2-ші шет тілі ретінде қазақшаны меңгерген. 6 жылда мәскеулік бойжеткендер Ресейде жүріп-ақ әжептәуір тіл сындырған.

Анастасия Решетникова:

- Әрине, біз үшін қиын болды. Мысалы, қазақ тілінің грамматикасы өте қиын. Бірақ, біз қазақ тілін өте жақсы көреміз. Оған үлкен сүйіспеншілікпен қараймыз.

Дәл осы қазақ тіліне деген сүйіспеншілік арнайы роликтер түсіруге себеп болды. Олар Мәскеудің тарихи көшелерін біздің ана тілімізде таныстырады. Оқу бітіріп, жұмыс істеп жүрсе де, қос құрбы қазақ тілін ұмытпауға, тіпті ұлықтауға қашанда уақыт табады.

Елизавета Осипова:

- Біз 2018 жылы университетті бітірдік. Мәскеуде қазақша практика жоқ. Біз үшін бұл тілді ұмытпау үшін жақсы мүмкіндік, сондықтан, осы жобаны жаздық. Менің ойымша, бұл қазақтар үшін өте қызық болады.

Осы аптада талапты жандардың жаңа бейнежазбалары жарық көреді. Бұл әзірге тек хобби. Ал, келешекте олар қаншама жыл үйренген қазақ тілін шынымен де кәдеге жаратсақ деп отыр. Мәселен, Лизаның арманы  - Ресейдің Қазақстандағы елшілігіне жұмысқа тұрып, екі елдің достығын нығайта түсуге қызмет ету. Ал, Настя Ресейде қазақ суретшілерінің көрмесін өткізсем деп отыр.  

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу