Америка Ауғанстаннан әскерін әкетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америка Ауғанстаннан әскерін әкетеді

21.12.2018

АҚШ Ауғанстаннан мыңдаған әскерін қайтаруды жоспарлап отыр. Америка баспасөзінің мәліметінше, Құрама Штаттар ауған жерінен 7 мыңдай жауынгері мен офицерін, яғни, өз контингентінің жартысын шығармақ.

Естеріңізге сала кетсек, АҚШ қарулы күштері бұл мемлекетке 2001 жылы Нью-Йоркке шабуыл жасалғаннан кейін енді. Содан бергі 17 жылда Ауғанстанда Американың 2400-ден астам сарбазы қаза тапқан. Ал, «Талибан» кейінгі үш жылда қайта күшейді. Вашингтонның дерегінше, ауған үкіметі бүгінде елдің 56 пайызын ғана бақылап отыр.

Ал, осыдан бірнеше сағат бұрын Пентагон басшысы Джим Мэттистің ақпанның соңында отставкаға кететіні белгілі болды. Мұны Трамп «Твиттер» арқылы хабарлады. Айта кету керек, өткен тәулікте Трамп Сириядағы әскерді де әкететінін жариялаған еді.

Қорғаныс министрі президентке жазған хатында Америка лидерімен көзқарасы сәйкес келмегендіктен, қызметтен кететінін мәлімдеп отыр.

Сенатор-демократ Крис Мерфидің ойынша, Трамп АҚШ-тың одақтастарын балағаттап, Ресей мен Қытайға қатысты тым жұмсақ позиция ұстанғаны үшін Мэттис орнынан кетіп жатыр.

Арыстан РЫСБЕК 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу