Америка әскері Сириядан кетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америка әскері Сириядан кетеді

20.12.2018

АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядан Американың 2 мың жауынгерін әкететінін мәлімдеп,  «ДАИШ» тобымен соғыста жеңіске жеткенін жариялады. Ақ үй басшысының бұл қадамы өз партияластары мен демократтарды және әскери командирлерді қатты таңқалдырып отыр. Олардың кейбірінің пікірінше, Трамп асығыс әрі қауіпті шешім қабылдады.

Пентагонның атын атамаған бір өкілі мәлімдегендей, Америка күштерінің Араб Республикасынан шығарылуы Ресейге геосаяси, Иранға аймақтық жеңіс әперді. 

АҚШ Сириядағы соғысқа 2014 жылы килікті. Ал, оның сарбаздары «ДАИШ»-пен соғысқан күрд жасақтарына жәрдемдесіп, оппозицияның мыңдаған мүшесін әскери дайындықтан өткізді. Айта кетсек, жақында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Сирияның солтүстік-шығысында Құрама Штаттардың қолдауына сүйенген күрд отрядтарына қарсы операция бастайтынын ескертті.

Сирияда азаматтық соғыс 2011 жылы басталып, одан жүздеген мың адам қаза тауып, 22 миллион тұрғынның жартысы үйлерін тастап кетті.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу