Кубада мобильдік интернет жұмыс істей бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кубада мобильдік интернет жұмыс істей бастайды

05.12.2018

Кубада желтоқсанның 6-нан бастап мобильдік интернет жұмыс істей бастайды. Ол 3G технологиясымен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы елдегі ірі телекоммуникация кәсіпорыны - ETECSA өкілі Таня Веласкес мәлім етті.

Интернетке кіру үшін қажетті функциямен жабдықталған смартфон болуы керек. Мобильдік ғаламтор сол күні таңғы сағат 8:00-ден жұмыс істей бастайды. Жаңа жүйені қосу процесі желтоқсанның 8-не дейін жалғаспақ.

Айта кетсек, Кубада интернетке шектеу қойылған. Бұл арал әлемде ғаламторды ең аз пайдаланатын елдер қатарында. Жергілікті билік қазір осы жағдайды өзгерткісі келеді. Ресми деректерге қарағанда, 2010 жылмен салыстырғанда 2017 жылы елде интернет қолдану 37 пайызға өскен. Дегенмен, адамдар оны қоғамдық жерлерде, саябақтарда, сауда орталықтарында ғана қоса алатын. Ал, былтыр дәрігерлерге, журналистерге, мұғалімдерге және ғылыми қызметкерлерге ғана интернетті жеке компьютерде пайдалануға мүмкіндік берілді.

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу