Калифорниядағы өрт құрбандарының саны 77-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Калифорниядағы өрт құрбандарының саны 77-ге жетті

19.11.2018

Калифорнияда орман өрті қарашаның 8-де басталды. Соңғы мәліметке қарағанда, 77 адам қаза тауып, 993 адам жоғалып кеткен. Бұған дейін ізім-ғайым кеткендер саны 1276-ға жетті деген мәлімет тараған-ды. Алайда, 300-ге жуық тұрғын тірі табылған. Олар тек өздерінің аман қалғандығын байланыс болмағандықтан, туыстарына немесе тиісті органдарға хабарлай алмаған.

Қазір өрттің 88 пайызы сөндіріліп болды. Мамандар оны бейсенбіде, яғни, Ризакшылық күні толық тоқтатудан үмітті. Сонымен қатар, сейсенбі-жұма күндері аралығында мұнда жаңбыр жауады деген болжам бар. Алайда, сол жауын су тасқыны мен лай көшкініне ұласса, онсыз да далада қалған ондаған мың адамның азабына азап қосылайын деп отыр.

Ренди Грэб, жергілікті тұрғын:

Мен бәрін жоғалттым. Әйтеуір киімдерімді алып үлгердім. Адамдар бір-біріне қолдан келгенше көмектесті. Талай кісі өрттен қашып құтыла алмады. Көз алдыңда адамдар өліп жатқанда, еркек басыммен көмектесе алмағаным өте өкінішті. Оларды құтқару үшін барымды салдым. Амал қанша?

Жалпы алғанда, 13600-дей үй мен өзге де құрылым жанып кеткен. 46 мыңдай тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Президент Дональд Трамп жексенбі күні түгелге жуық күлге айналған Парадайс қаласына барды. Мұнда бұрын 27 мыңдай адам тұрған екен. Қазір айнала толған өртенген ағаштар мен жанып кеткен нысандардың орны ғана.

Ақ үй басшысы Парадайсқа сапарында Финляндияны мақтап, онда орман жапырақтарының тырнауышпен тазалатынын айтып, Калифорниядағыдай проблема жоқ екенін атап өтті. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Өзге елдерге қараңыздар, олар мұндай жағдаймен басқаша күреседі. Мен Финляндия президентімен кездестім. Сонда ол айтты: біз орманды мемлекетпіз, біздің халық уақытының көбін жапырақтарды тырнауышпен тазалаумен өткізеді деп.

Бұл сөз еуропалықтарды аң-таң қылды. Ал, Финляндия президенті Саули Ниинистё Трамппен арада тырнауыш туралы әңгіме болғанын есіне түсіре алмады.

Парадайсқа оралсақ, мұнда лапылдаған жалынның жан-жағын тез шарпығаны сонша, адамдар жанталаса көшу кезінде кептелісте тұрып қалған көліктерінің ішінде жанып кеткен. АҚШ-та мұндай алапат өрт соңғы рет 100 жыл бұрын болыпты. Тарихи деректерге қарағанда, 1918 жылдың қазан айында Миннесота штатында тілсіз жау 450 адамның өмірін жалмаған.

 

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

Хабарламаларға жазылу