Еңбек етсең ерінбей... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек етсең ерінбей...

13.11.2018

Бүгін - халықаралық зағиптар күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы атаулы датаны француз педагогы, 18-ғасырда Парижде, Петербургте зағиптарға арналған тұңғыш мектеп ашқан Валентин Гаюидің құрметіне белгілеген. Бельгиялық Эрик Фоорт сол Гаюи сияқты «адамдарға пайдам тисе екен», - дейді. Қос жанарынан айырылса да, қайсар жан есігінің алдына егін егіп, туған-туыс, көрші-қолаңды көкөніспен қамтамасыз етіп отыр.

Бір кездері мейрамхананың бас аспазшысы болған Эрик Фоорт 20 жыл бұрын көз ауруына шалдығып, көру қабілетінен, аспазшылық қызметінен айырылып қалған. Қос жанары суалған күні есігінің алдындағы шағын бау-бақшаны суаруға кіріскен.

Эрик Фоорт, бағбан:

- Табиғатымнан қол қусырып отыра алмайтын адам едім. Жарық дүниені көруден қалғанда қатты қиналғаным рас. Бірақ, есімді тез жидым. Ешкімге масыл болғым келмей, көкөніс өсіруге кірістім. Қазір менің жұмағым осы.

Асқабақ, кәді, қияр, денсаулыққа пайдалы шөптің бірнеше түрі бақшада жайнап тұр. Бәрінен де Эрик қызанақ баптаудың шебері. Қызыл, жасыл, сары түсті қызанақтың пішіні мен салмағы да әртүрлі. Кішісі 50 грамм, ең ірісі екі келі тартады. Барлығы пестицидсіз, химиялық қоспасыз, табиғи жолмен өсірілген.      

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Эрик көзі көрмесе де, 200-ден астам қызанақтың түр-түрін сыртынан сипау арқылы, бір-бірінен жаңылыспай ажыратады екен. Бірақ, соңғы кездері шатасып кетемін деп қызанақтың атын қағазға жазып, арнайы құралдың көмегімен тіркеп, қорапқа салып қоятын болыпты.

Бағбан биыл өнімнің бітік шыққанына разы. Қызанақты жинауға басқа қалада тұратын екі ұлы мен көршілері көмектескен.

Мишель Вандерсникт, бағбанның көршісі:

- Эрик мырза бәрімізге үлгі. Мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, өте еңбекқор, жомарт адам. Тамақты да, бәліштерді де дәмді пісіреді. Сосын оның барлығын бізге тегін таратады.

Эрик Фоорт, бағбан:

- Жұртқа қолыңнан келгенше барыңмен бөліскенге не жетсін. Жарым бірнеше жыл бұрын көз жұмды. Екі ұлымның өз отбасы бар. Мен осы еңбектің арқасында бар қиындықты жеңдім. Өмір керемет.

Эрик көкөністен бөлек, қоян өсірумен де айналысады. Ауласындағы 2 ешкінің сүтін сауып ішіп, 20 шақты тауығының еті мен жұмыртқасын көпшілікпен бөлісіп жеп отыр. Арманы - әлемдегі қызанақтың 14 мың түрін өз қолымен өсіріп көру. Қазақ диқандарымен де тұқым айырбастап, тәжірибе алмассам деген ниеті бар.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу