Брюссельде Берлин еуразиялық клубының 24-отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Берлин еуразиялық клубының 24-отырысы өтті

30.10.2018

«Ынтымақтастық жолындағы әріптестік». Брюссельде Берлин еуразиялық клубының 24-отырысы өтті. Клуб Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2012 жылы құрылған болатын. Қазақстан мен Германия арасындағы пікірталас алаңында осы уақытқа дейін талай өзекті мәселе қаузалды. Бельгия астанасына жиналған сақа саясаткерлер Жаңа Жібек жолы аясында Еуропа мен Азия қатынасын бекемдеу жайын талқылады.

Еуропа мен Азия арасындағы сауданы күшейтуге бағытталған жаңғыртылған Жібек жолы жаһанның 4,5 млрд. астам халқына табыс әкеледі. Әсіресе, жобаның Орталық Азия өңірі Қазақстан үшін пайдасы көл-көсір. Себебі, біздің ел өзінің транзиттік-көлік әлеуетінің арқасында кірісін еселейді. Әрі Батыс пен Шығыс арасындағы ірі логистикалық, энергетикалық хабқа айналмақ.

Михаэль Хармс, Германия экономикасының Шығыс комитетінің басқарушы директоры:

- Бұл - Германия, Еуропа мен Қазақстан үшін де өте маңызды жоба. Инфрақұрылымды, сандық технологияны дамытудан бастап, өңдеуші өнеркәсіпке қомақты инвестиция салуға септігін тигізетін стратегиялық жоба. Құрлықтағы алыс-берісті арттыруда Сіздердің елдеріңіздің алатын орны ерекше.

Марат Бірімжан, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- «Бір белдеу, бір жол» жобасына сәйкес келетін біздің бірнеше үлкен жобамыз бар. Олар көбінесе «Нұрлы жер» бағдарламасымен байланысты. «Қорғас» құрғақ порты, Ақтау порты инфрақұрылымын үлкейту, дамыту, тағы да басқа теміржол, машина жүретін жолдар салып отыр.

«Kazakh Invest» өкілдері басқосуға жиналған инвесторларды тағы 67 жобаға белсене қатысуға шақырды. «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» компанияларының басшылары да алыс-берісті арттырғысы келетін еуропалық кәсіпкерлермен іскерлікті арттыруға бейім. 

Ульф Шнайдер, «Schneider Group» компаниясының бас директоры:

- Біз «Бір белдеу, бір жол» жобасынан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да іскерлікті арттырғымыз келеді. Владивостоктан Лиссабонға дейінгі аралықтағы ортақ экономикалық кеңістік - Еуроодақ пен Еуразиялық экономикалық одақ кәсіпкерлеріне таптырмас мүмкіндік. Әсіресе, Қазақстандағы инвестициялық климаттың жылдан-жылға жақсаруы шетелдік қалталылардың қызығушылығын арттырып отыр.

Экономиканы диверсификациялап, адам капиталы, білім жүйесі, цифрландыруды дамытуға күш салған Қазақ елімен Германия үкіметі, Еуропалық Одақ та ынтымақты күшейтуге мүдделі. Еуропалық Одақ қазақстандық студенттердің қарт құрлықта тегін білім алуына бөлінетін қаржыны ұлғайтпақ ниетте. Әрі болашақта қазақстандықтарға визаны жеңілдету де жоспарда бар. Клуб мүшелері енді Ақтау саммитінде қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жайлы конвенцияны талқылау үшін желтоқсанда Берлинде кездеседі.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу