Индонезияда зілзала құрбандарының саны артып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индонезияда зілзала құрбандарының саны артып жатыр

01.10.2018

Индонезияда қазір зілзаладан, цунамиден, көшкіннен қаза тапқандар саны 1200-ден асты. Тағы 2,5 миллиондай тұрғын гуманитарлық көмекке зәру. Адамдар құлаған ғимараттардан шығарылып, қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. 

Мұнда жұма күні жер сілкініп, оның магнитудасы 7,4 баллға жеткен. Содан кейін жер тағы 170 мәрте дүмпіп, теңізде 6 метрлік цунами көтерілді. Өңірде қауіп әлі сейілген жоқ. Табиғи апаттан жермен-жексен болған Палу қаласында қаза тапқандар жерленіп жатыр. Құрбандар саны әлі де көбеюі мүмкін.

Зілзаладан қираған Палу қаласының тұрғындары әскери ұшақтармен қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Бірінші кезекте балалар, әйелдер, жараланғандар эвакуацияланады.

Жұма күні мұнда 7,4 баллдық жер дүмпуіне байланысты теңіз толқыны 6 метрге дейін көтеріліп, бұл қала соғыстан қираған елді мекендерге ұқсап кеткен. Зілзаладан соң мамандар цунами болатынын хабарлап, кейін сол ескертуді жоққа шығарды. Бірақ, жарты сағаттан соң цунами алапат соққы берген. Мұндай қателік датчиктердің толқынды алдын ала анықтай алмауынан жасалса керек. Үйі мен дүние-мүлкінен айырылғандар тезірек кетуге асық. Дегенмен, кейбіреулер туған-туыстарының амандығын білу үшін өзге қалалардан Палуға барып жатыр.

Юсран, тұрғын:

-Менің анам Палуда тұрады. Онымен әлі байланысқа шыға алмай отырмын. Бауырларымның аман екенін өз көзіммен көріп, кері қайтамын. Мұнда жету үшін 20 сағат бойы көлікпен жүріп келдім.

Құрбандардың саны 1200-ден асты. Дегенмен, биліктің мәлімдеуінше, табиғи апат мыңдаған адамның өмірін қиса керек. Өйткені, құтқарушылар зілзала  эпицентрі Донгала ауданына енді ғана жетті. Бұған қоса, осы жақтағы 2 мың адам тұратын Сиги атты елді мекенді лай көшкіні басып қалды деген қауіп бар. Соңғы 48 сағатта бұл жерден ешқандай хабар-ошар келмеген. Ал, үйсіз қалған тұрғындар шұғыл көмекке зәру.

Идван Карим, тұрғын:

-Мұнда әлі көмек, тіптен күрке де жеткізілген жоқ. Донгала үкіметінен жәрдем күтіп отырмыз. Бізде 49 баспана жермен-жексен болды.

Соңғы деректерге сай, Сулавеси аралында 50 мыңға жуық адам үйлерінен айырылған. Олар уақытша орталықтарға көшірілді. Дегенмен, гуманитарлық көмек баяу жеткізіліп жатыр. Өйткені, табиғи апат кезінде инфрақұрылымдар істен шыққан. Сейсмологтардың сөзінше, мұндай қуатты зілзала елде 2004 жылдан бері болмаған.   

Джоко Видодо, Индонезия президенті:

-Бұл Ломбок аралында болған төтенше жағдайды еске түсіреді. Жер сілкінісінен жапа шеккен аудандарға баратын жолдар жабылып, әуежай толық күшімен жұмыс істеп тұрған жоқ. Электр станциялары істен шықты. Қазір олардың екеуі ғана жұмыс істеп тұр.

Үлкен трагедияға ұшыраған Индонезияға апат салдарымен күреске сырттан көмек жеткізілмек. Аралдық мемлекетке Австралия, Таиланд және Қытай сынды көршілері жәрдем беруге әзір. Ал, Еуропалық одақ бұл елге 1 жарым миллион еуро шұғыл ақша бөлетінін жариялады.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

 

Хабарламаларға жазылу