Қазақстанда шығарылған қару-жарақ түрлері мен қорғаныс техникасы бәсекеге барынша қабілетті. Мәскеу облысында өтіп жатқан «Армия-2018» әскери-техникалық форумы кезінде шетелдік мамандар осындай пікір білдірді. Ал, отандық кәсіпорындар осы форум кезінде өз өнімдерін таныстырып, бірқатар шетелдік компаниялармен нақты құжаттарға қол қойды.
Қорғаныс өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін 1200 кәсіпорын. Әскери саланы бүге-шігесіне дейін білетін 12 мың маман. Мәскеу облысында «Армия-2018» деп аталатын халықаралық әскери-техникалық форум өтіп жатыр. Бұл шараға өзінің ұлттық стендін әкелген 8 мемлекеттің бірі – Қазақ елі.
Форумға экспорттық потенциалы бар 10-нан аса қазақстандық компания қатысып жатыр. Олар көрмеге 120 түрлі қару-жарақ пен әскери техника алып келді. Бұл Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірыңғай павильоны.
Марат Қарабаев, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту департаментінің директоры:
- Қазақстандық қорғаныс өнеркәсібі кешені саласындағы кәсіпорындардың тауарын экспорттауда маңызы мол шара. Біз өзімізбен алып келген бірнеше, мысалы, брондалған желеттерге, авионикадағы немесе тікұшақтарға арналған қосалқы бөлшектерге қызығушылық артып отыр.
Петропавлдағы Киров атындағы зауыт әскери мақсатта қолданылатын 100-ден аса өнім түрін шығарады. Олар соңғы жылдары ішкі нарықтан бөлек, отандық құрал-жабдықтарды Түрікменстанға да сатып жатыр. Ендігі меже – Ресей елі.
Мәди Бектенов, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ Маркетинг және сауда департаментінің директоры:
- Біздің Қорғаныс министрлігіне арналған полигондық атыс жабдықтарын жасап шығарамыз. Солардың үлгілерін зауыт осы көрмеге алып келді. Сонымен қатар, біз Қарулы күштерімізге арнап байланыс машиналарын жасап шығарамыз. Осы көрмеде қойған мақсатымыз – өз өнімдерімізді басқа елдерге экпорттау.
Владимир Доценко, «Микран» АҚ Бас директорының орынбасары:
- Киров атындағы зауыттың өнімдеріне жоғары баға беремін. Бұл қондырғылар өте сенімді екен. Бірнеше мәрте жүргізілген сынақтар осыны көрсетіп отыр. Сондықтан, оларды сыртқы нарықта да сенімді түрде сатуға болады.
Бұл форум өз өніміңді өткізіп қана қоймай, өзгелердің озық дүниесін сатып алуға да таптырмайтын алаң. Мәселен, «Семей Инжиниринг» компаниясы қазірдің өзінде бірқатар ресейлік кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіп, нақты құжаттарға қол қойып үлгерді.
Талғат Тұрлыбаев, «Семей Инжиниринг» АҚ Бас директоры:
- Біз бірқатар ресейлік компаниялармен келісімшарттар бекіттік. Мәселен, «Рособоронэкспорт» брондалған техниканы сервистік жөндеуге арналған қондырғылар беретін болды. Сонымен қатар, «Уралвагонзаводпен» қосалқы бөлшектер алу туралы келісімге келдік. Ал, «Арзамас» компаниясымен БТР-80-ге арналған қосалқы бөлшектер сатып алу жөнінде уағдаластық. «Курганмашзаводпен» де осындай құжатқа қол қойдық. Мұның барлығы біздің кәсіпорынның мүмкіндігін кеңейтетін келісімдер.
«Армия-2018» форумы 26 тамызға дейін жалғасады. Осы аралықта әскери техникалардың көрмесінен өзге, қорғаныс саласындағы ынтымақтастық жайын талқылайтын 150-дей түрлі конференция мен дөңгелек үстелдер өтеді.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.