Қасиеттi Құрбан айт дүниежүзі елдерінде аталып өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасиеттi Құрбан айт дүниежүзі елдерінде аталып өтіп жатыр

21.08.2018

Бұл - әлемдегi екі миллиардтай мұсылман үшiн ұлық мереке. Бұл күндері әдеттегідей құрбандық шалынып, қайырымдылық істер атқарылады. Кей елдерде тіпті отшашулар атылып, он күн демалыс беріледі.

Бүгін бүкіл әлем мұсылмандары үш күнге созылатын қасиетті Құрбан айт мерекесін тойлап жатыр. Араб елдерінде бұл мейрам «Ид әл-Адха» деп аталады. Сауд Арабиясында қажылықты бастаған 2 миллионнан астам адам бүгін діни рәсімді жалғастырып, әл-Джамрат көпірінде шайтанға лас лақтыру уәжібін орындауға кірісті. Бұл шара - қажылықтың басты бөлігінің бірі. Осыдан кейін құрбан шалынып, «Ид-әл-Адха» басталады. Бұл күндері Таяу Шығыста ең ұзақ демалыс басталып, кеңселер, банктер, мемлекеттік мекемелер 1 апта бойы жұмыс істемей, дүкендердің көбі жабық тұрады.

80 мыңға жуық мешіті бар Түркия халқының 97 пайыздан астамы Ислам дінін ұстанады. Таңертеңгі құрбан намазынан кейін әр шаңырақ құрбандық шалып, бірін-бірі мейраммен құттықтайды. Бұл елде қасиетті мереке құрметіне орай түркиялықтар 10 күн демалады. Құрбан байрам кезінде әдетте елге баратын шетелдік меймандардың саны артып, туризм саласы бір серпіледі. Мәселен, былтырғы Құрбан айтта Түркияға 1 миллионға жуық саяхатшы барған. 

Айта кетсек, қазір АҚШ-пен арадағы текетірестен елдің төл валютасы лираның құнсыздануы жағдайында Анадолы елі алдында күрмеулі мәселелер тұр.

Ал, Ауғанстанда Құрбан айтқа орай оқ ату тоқтады. Ел үкіметі бүгіннен бастап «Талибан» қозғалысымен арада атысты 3 айға доғару туралы бітім жасалғанын мәлімдеді. Дегенмен, қарулы топ бұл ұсынысты қабылдағаны немесе қабылдамағаны белгісіз. Алайда, тәліптер өз түрмелерінде отырған жүздеген адамды босататынын жариялаған.

Ашраф Гани, Ауғанстан президенті:

- Халық Құрбан айт мейрамын бейбіт түрде қарсы алуы үшін атысты тоқтату туралы шешім қабылдадық. Ол қарашаның 20-сына дейін созылады. «Талибан» қозғалысы да бастаманы қолдайды деп үміттенеміз. Бұған қоса, қозғалыс жетекшілерін бейбіт келіссөз жүргізуге шақырамыз.

Индонезия тұрғындарының 90 пайызға жуығы - мұсылман өкілдері. Құрбан айт мемлекеттегі ең маңызды мейрам саналып, ол ауқымды түрде атап өтіледі. Мейрам 4 күнге ұласады. Көшелер ұлттық тулармен безендіріліп, отшашулар ұйымдастырылады. Құрбандыққа мал шалынып, мұқтаж жандарға арнап дастархан жайылады. Джакартадағы Әл-Азхар мешіті жанында мерекеге орайластырылған шараға он мыңдаған мұсылман жиналады.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу