Әлемнің бірнеше елінде өрт қаулап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің бірнеше елінде өрт қаулап жатыр

08.08.2018

Еуропаның бірқатар елдері мен АҚШ-та орман өрті дес бермей жатыр. Тілсіз жау елді мекендерге қауіп төндіріп тұр. Жалынды сөндіруге аптап ыстық кедергі. Испанияда 3 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал, Португалияда өрт туристер арасында танымал саяжайға жақындап қалған.

АҚШ-тың Калифорния штатында алапат орман өрті бір апта бұрын тұтанды. Табиғи апаттан 6 адам қаза тапқан. Соңғы мәліметтерге сай, тілсіз жау 114 мың 800 гектар аумақты шарпыды. Бұл - штат тарихындағы ең алапат өрт. Одан 1500-дей баспана қирап, ондаған адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Өрт сөндірушілердің мәлімдеуінше, жалын қыркүйекке дейін сөнбеуі мүмкін. Әзірге, от шарпыған аумақтың тең жартысы бақылауға алынған.

Ал, Португалияда жалын 4 мың гектар алқапқа тараған. Өрттен 50 адам зардап шегіп, 1 тұрғын қаза тапты. Мұнда елді мекендер күлге айналып жатыр. Өрт туристер арасында танымал Алгарве курортына жақындап қалды. Сол себепті, қонақүйлерде тұрып жатқан шетелдік меймандар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Мың шақты маман аптап ыстықтан өрши түскен өртті сөндіре алмай әлек. Апатпен күреске еріктілер де қосылған. Кей жерлерде сынап бағанасы 50 градусқа дейін көтерілген.

Робертро Конде, тұрғын:

- Қазір жағдай аса қауіпті. Айнала көк түтін. Өрт бізге де жетеді деп ойламап едік. Әбден шаршасақ та, ұйқы жоқ. 

Көршілес Испанияның Валенсия провинциясында да дәл осындай жағдай. Мұнда сейсенбіден бері 3 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жалын жағалаудағы Гандия қалашығына қарай ойыса бастады. Ондаған баспана күлге айналған. Тілсіз жаумен 600-дей өрт сөндіруші маман, 25 тікұшақ күресіп жатыр. Аптап ыстық пен жел бағытының жиі өзгеруі өрттің таралуын тездете түскен.

Хосе Антонио Кортеррико, өрт сөндіруші:

- Өртті сөндіруде қиындықтар туындап жатыр. Мысалы, кейбір жерлерге өту мүмкін емес. Сол себепті, ауыр техниканы қолданып, дәліз ашуға тура келді.

Еуропаның басым бөлігінде күн шыжып тұр. Францияның 67 ауданында 40 градус ыстықтан ауадағы озон мөлшері жоғарылап кеткен. Осыған орай бұл өңірлерде қауіптің сарғылт белгісі жарияланды. Айта кетсек, озон атмосфераның жоғарғы қабаттарында Жерді ультракүлгін сәулелерден қорғайды. Ал, жерге жақындаған сайын ол адам денсаулығына қауіп төндіріп, ауаны ластайды.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу