Бельгиядағы «Алматы» дүкені - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиядағы «Алматы» дүкені

28.06.2018

Балаларына қазақтың есімдерін беріп, салт-дәстүрімізге қызыққан еуропалықтар енді мейрамхана, компанияларының атын да қазақы атаумен атап жүр. Мәселен, бельгиялық кәсіпкер ел астанасы Брюссельде «Алматы» деген дүкен ашыпты. Аты арман қала - Алматының құрметіне қойылған дүкенде тілшіміз Нұрсұлу Қасым болып қайтты.

Брюссельдің қақ ортасында орналасқан «Алмата» дүкені алыстан-ақ көздің жауын алады. Әрі-бері өткен адамның қызығушылығын туғызады. 26 жастағы Кантан шағын маркетті осыдан үш жыл бұрын ашыпты. Қазір көптің көңілінен шыққан қаладағы үздік сауда нүктелерінің бірі.   

Кантан Верстаппен, дүкеннің қожайыны:

- Осы дүкенді ашуға Қазақстанға сапарым қанаттандырды. 2009 жылы алғаш рет досыммен бірге Алматыға бардық. Шаһардың көркіне, табиғатына, тауларына ғашық болдым. Қаланың аты да керемет мағына береді екен. Оралған соң дүкен ашып, ойланбастан атын «Алмата» қойдым. Қазір сіздер Алматы дейсіздер білемін. Бұл менің ғажап шаһарға деген құрметімнің белгісі.

«Алматада» еш қоспасыз, таза табиғи өнім сатылады. Кантанның дәл осындай Брюссельде тағы екі биодүкені бар. Өзі жас болса да, бас болып, 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Филип Эна, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Бұл дүкенді өтіп бара жатып, көріп қалдым. Сусын алайын деп кіргенмін алғашқыда, қазір тұрақты тұтынушысымын. Атын Қазақстанның бұрынғы астанасының құрметіне қойғанын естіп, Қазақ еліне сапарласам деген қызығушылығым одан сайын артты.

Шағын маркетте Бельгия, Франция, Италия, яғни, Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің өнімдері толып тұр. Алайда, аты Алматы болғандықтан, тұрғындар тарапынан «мұнда неге Алматының тауарлары жоқ» деген сұрақ көбейіпті. Сондықтан, дүкен иесінің ендігі көздегені сөрелерді Алматыда, Қазақстанда жасалған тағамдармен толтыру.

Кантан бәрінен де Алматының апортының дәмін көрсем, осы дүкенде тәтті жемісті молынан сатсам дейді. Кәсіпкер біздің елден табиғи тағамдарды көптеп экспорттаған соң, Бельгияда «Алмата» дүкендер желісін көбейтпек ниетте.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу