Тарихи кездесу: Ким мен Трамп келісімге қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарихи кездесу: Ким мен Трамп келісімге қол қойды

12.06.2018

Сингапурдағы тарихи кездесуде Дональд Трамп пен Ким Чен Ын «жан-жақты» келісімге қол қойды. Бұл құжаттың мәтіні журналистерге көрсетілген. Ол 4 негізгі пункттен тұрады. Декларацияда АҚШ пен Солтүстік Корея бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткізуге, Корей түбегін ядролық қарудан толықтай тазартуға келісіп, өзге де міндеттемелер алды. Сонымен қатар, Пхеньян ядролық бағдарламасын тоқтатса, АҚШ Ким Чен Ынның жеке қауіпсіздігіне кепілдік беруге әзір. Дегенмен, құжатта Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тарттыру жолдары және оған жарияланған санкциялардың мән-жайы қозғалған жоқ.

68 жыл бойы соғыс жағдайында отырған Солтүстік пен Оңтүстік Кореяның бейбіт келісімге қол қою мәселесі де тыс қалған. Соған қарамастан, екі лидер бұл кездесуге көңілдері толғанын атап өтті.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Біз өте маңызды құжатқа қол қойып жатырмыз. Кездесу көпшіліктің күткенінен әлдеқайда жақсы өтті. Солтүстік Кореямен арадағы қатынасымыздың бұрынғыдан басқаша болатынына сенімім мол.

Ким Чен Ын, Солтүстік Корея лидері:

- Бүгінгі тарихи кездесуде біз өткенді артта қалдыруға келістік. Әлем ірі өзгеріске куә болады. Осы саммит үшін президент Трампқа алғыс айтамын.  

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу