Брюссельде Сирия бойынша донорлық конференция басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Сирия бойынша донорлық конференция басталды

25.04.2018

Брюссельде Сирияға гуманитарлық көмек көрсету бойынша екінші донорлық конференция басталды. Мақсаты - Шам еліндегі жағдайды дипломатиялық жолмен шешудің жолдарын қарастырып, Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетуге қаржы жинау. БҰҰ мен Еуропалық Одақ ұйымдастырған жиынға әлемнің 85 елінен делегаттар қатысып жатыр. Бүгін Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини мен Сирия бойынша БҰҰ арнайы өкілі Стаффан де Мистура Сирия азаматтық қоғамының өкілдерімен кездесті. Тараптар Сириядағы әскери қақтығыстарды реттеуге саяси шешім қабылдау жайын талқылады.  

Федерика Могерини, Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

- Сирия шахмат тақтасы немесе геосаяси ойын емес. Сирия тек қана сириялықтардың мекені болғандықтан, оның болашағын өз халқы шешуі тиіс. Астана процесінің қатысушы үш елі, Ресей, Иран мен Түркия Сириядағы оқ атпау режимі жайлы міндеттемелерін орындап, әскери қақтығыстарды тоқтатуға мүдделі болуы тиіс. Біз конференцияда түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға сеп болатын саяси шешім қабылдауға, Сирия халқына барынша гуманитарлық көмек көрсету жолдарын талқылаймыз.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу