Британия Сирияға соққы беруге дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Британия Сирияға соққы беруге дайын

12.04.2018

Британияның Кипрдегі әскери-әуе күштері Сирияға соққы беруге дайын. «Таймс» газеті корольдік үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, осылай деп мәлімдеді. Басылымда дереккөздің «Акротиридегі базада ұшақтарымыз бар», -деген сөзін келтірген.  

Тағы бір мәліметтерге қарағанда, британ үкіметінің басшысы Тереза Мэй Сирияның үкіметтік күштеріне қарсы операцияға парламенттің мақұлдауынсыз қатысуға дайын. «Дейли Телеграф» газетінің ақпаратына сай, британиялық сүңгуір қайықтар Сирия жағалауына зымыранмен соққы беретіндей қашықтыққа жақындап қалған.

Бұдан бөлек, Жерорта теңізіне америкалық «Гарри Трумэн» атомдық ұшақ тасығышы бастаған соққы беру тобы жетті. Айта кетсек, Вашингтон Сирияның Дума қаласында хлориннің қолданылуына қарсы жауап ретінде зымырандармен соққы беретінін мәлімдеді. Оған Франция мен Ұлыбритания қосылмақ. Дегенмен, Сирия мен Ресей химиялық қарудың қолданылмағанын алға тартып отыр.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу