Қазақстандық азамат Бельгияда еуропалықтарды қазымен қамтамасыз етуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық азамат Бельгияда еуропалықтарды қазымен қамтамасыз етуде

03.04.2018

Киіз үйімізді ұнатқан еуропалықтар енді қазақтың қазысына құмартып отыр. Тіпті, жылқының етін өмірі жеп көрмеген қарт құрлық тұрғындары қазір қазы десе елең ететін болған. Сол шетелдіктердің, Еуропада тұратын қандастарымыздың сұранысын Сағынғали жерлесіміз қанағаттандыруда. 34 жастағы жігіт Бельгияда қазы жасап, сатып жүр.

Алматылық Сағынғалидің Бельгияда тұрып жатқанына биыл бес жыл. Брюссельдегі жоғарғы технология мектебінде білім алған жерлесіміз оқудан соң, осында жұмысқа қабылданыпты. Тоқыма өнеркәсібі саласында білікті маман. Екі жылдан бері қазы жасаудың хас шебері атанған. Жалғыз өзі қарт құрлықтағы ағайынды қазақтың ұлттық тағамымен қамтамасыз етіп отыр.  

Сағынғали Мамай, қазы жасаушы:

- Шетелге келгенде ұлттық тағамдарды аңсап, етті, қазыны сағына бастайсың. Сосын елден алып келетін адам іздеп, оны зарыға күтесің. Осылай, бірнеше жыл қиналып жүріп, бір күні қазыны өзім жасап көруге бел будым. Бұл жерде жылқының еті тапшы. Сол етті, ішектерді, барлық ингредиенттерін табу үшін жарты жыл уақыт кетті. Өзіме істеп көріп едім, одан соң, достарым, достарымның достары, әрі қарай, адамдар бір-бірінен естіп, қазыға тапсырыс көбейді.

Әшейінде жылқының етін жемейтін бельгиялықтар тарапынан қазақтың қазысына қазір сұраныс артып келеді. Осы жолы Сағынғалиға 30 қазы жасауға тапсырыс берілген екен. «Бір қазыны айналдыруға 5-10 минут уақыт кетеді», дейді.

Қаланың баласы қазы айналдыруды ғаламтордан үйреніпті. Жіңішке ішекке етті тез тығу үшін пластиктен құрал да жасап алған. Тұтынушының талғамын айтқызбай-ақ біледі. Өзбектерге әніс өсімдігін қосып, еуропалықтарға қазының майын аздау қылып айналдырады. Бәрінен де Сағынғалиға жат жердегі өз қандастарымыз риза.

Айнұр Оңталапқызы, Бельгиядағы Қазақ диаспорасының өкілі:

- Қонақ шақыратын болсақ, ет асатын болсақ, ең бірінші хабарласатын кісіміз осы Сағынғали. Бірден әкеліп береді. Қазысы өте дәмді. Анда-санда сағынышты басамыз деп алып тұрамыз. Құрамы, дәмі Қазақстанда жасалатын қазы сияқты.

Жекелеген адамдардан бөлек, Сағынғали қазір Еуропа қазақтарының той-думандарына ірі көлемде тапсырыс алып жүр. Қазының бағасы салмағына байланысты, 15 еуро мен 25 еуро аралығында. Қазақтарды қуантып, шетелдіктерге ұлттық тағамды дәріптеп жүрген Сағынғалидің ендігі көздегені - Бельгияда қазы жасайтын цех ашып, дайын өнімді жергілікті дүкендерге сатылымға шығару.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу