Владимир Путин өрт құрбандарының туыстарымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Владимир Путин өрт құрбандарының туыстарымен кездесті

27.03.2018

Ресей президенті Владимир Путин бүгін алапат өрттен көп адам қаза болған Кемеровоға барды. Құрбандардың туған-туыстарына көңіл айтып, қайғылы оқиғаны «қылмысқа пара-пар салғырттық пен тәртіпсіздіктің салдары» деп атады.

Естеріңізге сала кетсек, жексенбі күні мұнда «Зимняя вишня» сауда ойын-сауық орталығы өртеніп, 64 адам қаза тапты. Олардың 41-і - балалар. Осынша адамның өмірін жалмаған өрт Кеңес Одағы құлағалы Ресейде болмаған екен. Тергеушілердің сөзінше, сауда кешенінде апат кезінде шығатын есіктер заңсыз түрде жабық тұрған. Ал, дабыл жүйесі жұмыс істемепті.

Сонымен қатар, бүгін Кемеровода ауқымды шеру басталып, оған мыңдаған адам қатысып жатыр. Жергілікті халық билікті «қаза тапқандардың нақты саны мен өрт туралы шындықты жасырып отыр» деп кінәлады. Сонымен қатар, наразы жұрт облыс губернаторы Аман Төлеевтен отставкаға кетуді талап етті. Өңір басшысы болса, митингке жиналғандарды «қайғылы оқиғаны өз проблемаларын шешіп алу үшін пайдаланбақ» деп айыптады.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу