Әлемнің 145 елінде Ресейдің сайлау учаскелері ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің 145 елінде Ресейдің сайлау учаскелері ашылады

22.02.2018

18 наурызда өтетін Ресей президентінің сайлауы кезінде Қазақстан аумағында уақытша жұмыс істеп жатқан немесе сапарлап жүрген көрші елдің азаматтары да дауыс бере алады. Олар үшін Қазақстанда Ресейдің 25 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Бұл туралы Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді. Сайлау учаскелері Астана, Алматы, Өскемен, Орал, Шымкент сияқты барлығы 17 қалада болады. Бұдан бөлек, Жамбыл облысындағы Қордай кенті мен Қызылорда шаһарында алдын ала дауыс беру өтеді. Осы жерлерге Ресейдің 18 жасқа толған кез келген азаматы келіп, президенттік сайлауға қатысып жатқан 8 үміткердің біріне дауыс бере алады. Жалпы, Ресей азаматтары Қазақстаннан бөлек, әлемнің тағы 144 мемлекетінде жұмыс істейтін, жалпы саны 358 сайлау учаскесіне барып таңдау жасай алады.    

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу