Қытайда Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл басталды

16.02.2018

Қытай бүгін өз күнтізбесі бойынша 2018-ді емес, 4716 жылды қарсы алып жатыр. Бұл - Шығыстағы көршіміз үшін ең маңызды және ең ұзақ тойланатын мейрам. Оны Шығыс Азияның өзге елдері де мерекелейді.

Жаңа жылға байланысты соңғы 10 күнде жүздеген миллион қытайлық пойыздар мен кемелерге, автобустар мен ұшақтарға отырып, үйлеріне аттанған. Сонымен қатар, осы елдің өзге мемлекеттермен арадағы шекараларындағы бірқатар бекеттер уақытша жабылды.

Тағы бір айта кететін жайт, қазір Қытай халқына әлемнің көптеген елдерінің басшылары құттықтау жолдап жатыр.

Бейжіңнің Байюнь храмының алдында ұзынсонар кезек. Өйткені, бүгін Ай күнтізбесі бойынша бұл мемлекетте Жаңа жыл басталды. Оның алғашқы таңында жылдағы дәстүрге сәйкес, мыңдаған адам ғибадатханаға барып, көпірдің астындағы қоңырауға тиын лақтырады. Қытайлықтардың наным-сенімі бойынша, бұл салтты орындаған адамның алдағы жылы жолы болады.

Вань, 54 жастағы жұмыскер:

- Мен мұнда жақсы тілекпен келдім. Отбасым дін-аман болса екен. Жаңа жыл ғой, барлық достарым мен туыстарыма мықты денсаулық тілеймін. Сол үшін дұға қыламын.

Янь Юли, 62 жастағы зейнеткер:

 - Өткен жыл еліміз үшін тамаша өтті. Бүкіл халықта қуаныш көп болды. Өйткені, басшымыз Си мемлекетті жақсы басқарып отыр.

Бұл мейрам әдетте Көктем мерекесі деп те аталады. Қытайлықтар жер жыртатын, күн жылынатын мезгіл жетті деп есептейді. Бірақ, бұл – жергілікті халық үшін жыл басы мерекесі ғана емес, жолға шығатын да кезең.

Жаңа жылға дейін үйлеріне жетіп үлгеру үшін ақпанның 1-нен бастап, миллиондаған адам пойыздарға, ұшақтарға, автобустар мен кемелерге отырды. Бүгін түскен мәліметке қарағанда, осы айдың алғашқы 10 күнінде 800 миллион адам сапарға аттанған екен. Наурыздың 12-не дейін мереке үшін жолға шыққандар немесе кері қайтқандардың жалпы саны 3 миллиардқа жетіп қалады.

Гуо Юаньдон, Сычуань провинциясының тұрғыны:

- Мен үйіме оралып, Жаңа жылды тойлағым келеді. Толқып, қуанып тұрмын. Аздап кешігемін. Өйткені, пойызым дер кезінде келмеді. Ештеңе етпейді, аз уақыттан соң отбасымның жанына барамын.

Қытай Жаңа жылы шамдар фестиваліне ұқсайды. Қазір Күн ұясына батса болды, елдің талай қаласы мен ауылы түрлі-түсті ертегі әлеміне енеді. Бұл да жылдағы дәстүр. Бірақ, Бейжіңнің орталығы биыл фейерверктің гүрсілі мен түтінінен аман. Өйткені, жергілікті үкімет ауа ластанады деп отшашуға тыйым салып отыр. Дегенмен, Қытай астанасының шеткері аудандарында салют атқандар аз емес. Ал, Қытай орталық телевизиясында Ит жылының басталу құрметіне ауқымды гала-концерт өтті. Онда Ұлыбритания, Әзірбайжан, Кения, Хорватия, Франция, Италия әртістерімен бірге Димаш Құдайберген де өнер көрсетті. Қазақстандық әнші мемлекеттік телеарнаның бұл кешіне алғаш рет қатысып отыр.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу