Флорида штатының Парклэнд қаласындағы мектептегі атыстан 17 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Флорида штатының Парклэнд қаласындағы мектептегі атыстан 17 адам қаза тапты

15.02.2018

АҚШ-тың Флорида штатының Парклэнд қаласында орта мектепте атыс болып, кемінде 17 адам қаза тапты. Көп кешікпей осы шабуылды жасады деген күдікпен, мектептің бұрынғы оқушысы Никлоас Круз тұтқындалды.

19 жасар жігіт ең алдымен өрт дабылын іске қосып, оқушыларды қатты үрейлендірген. Содан кейін ол далада қашып бара жатқан адамдарға оқ жаудырды. Үшеуін жер жастандырғаннан кейін, шабуылшы ішкі кіріп, тағы 12 адамды мерт қылды.

Жергілікті шерифтің сөзінше, құрбандардың арасында балалармен бірге ересектер де бар. Қазір үш адам ауыр халде госпитальде жатыр. Круздың өзі де арнайы қызметтің қолына түспес бұрын жараланып, ауруханаға жеткізілді.

Жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына сыртқа шықпауға кеңес берілді. Ал,президент Дональд Трамп құрбандардың туған-туыстарына көңіл айтып, бірде-бір оқушы мен мұғалімнің Америка мектептерінде қауіпке душар болмауы керектігін атап өтті.

Ауруханада ем-дом көрсетілгеннен кейін Николас Круз тергеуге жіберілген.

Скотт Израел, шериф:

 - Біз бұл оқиғаның адам сенгісіз апат екенін атап өткіміз келеді. Оқ атқан адам қазір қамауда отыр. Оны тергеуге жібердік. Бұл азамат жан түршіктірер қанпезерлікке, жиіркенішті әрекетке барды. Федералдық тергеу бюросы мен криминалистер істің мән-жайын анықтауға кірісті.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу