Бельгияда қариялар сандық технологияны игеруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда қариялар сандық технологияны игеруде

15.02.2018

Бельгия үкіметі сандық технологияны дамытып, оны игеруге басымдық бермек. Себебі, соңғы статистика көңіл көншітпейді. Елдің әрбір бесінші тұрғыны, яғни, халықтың 20 пайызы әлі күнге электрондық хабарлама жіберуді білмейді. Олқылықтың орнын толтыру үшін қазір елде зейнеткерлерге арналған компьютерлік курстар көбейді. Жаңа технологияны игеріп жатқан қариялармен тілшіміз Нұрсұлу Қасым тілдесті.

Анден қаласы қарттарының компьютердің қыр-сырын үйренгеніне бүгін тура бір ай. Мектеп партасына жайғасқан қариялар құдды оқушылар сынды, мұғалімнің айтқанын мұқият тыңдап, керек мәліметті дәптерлеріне түртіп отыр. Ең жасы 55-те, егдесі жақында 85-ке толыпты. Топтағы 15 зейнеткердің  ең белсендісі Француаз әжей.

Француаз Верстраете, зейнеткер:

- Мен қазір whatsApp желісін қолдануды білемін. Осы уақытқа дейін жаңа технологиясыз қалай өмір сүргеніме таңмын. Бұл өте ыңғайлы әрі шапшаң. Достарыммен кездесу, отбасылық кештер ұйымдастыру барлығын осы желіде құрған топта талқылаймыз. Балаларым жұмыстан босамайды. Немерелеріме үйретші деп айтудан ұялып, осы арнайы курсқа келдім. 

«Digital Seniors» компаниясының курстары ақылы. Зейнеткерлер сандық технологияны игеру үшін сағатына 80 еуро, бізше 32 мың теңге төлейді. Қарттарға ұғынықты болу үшін компания арнайы ұялы телефон, планшеттер шығарыпты. Мұнда хат жазу, хабарлама жіберу, суретке түсіру сынды зейнеткерлерге қажет маңызды қосымшалар ғана орнатылған.

Паскаль Терифей, компанияның теңқұрылтайшысы:

 - Бұл планшетті қолдану өте оңай. Өздеріңіз көріп тұрғандай арнайы 4-5 түймешікті басса болғаны. Қарттар шатаспасын деп әр қосымшаны арнайы түспен белгіледік. Мен техниканы барынша қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамын.

Гайтен Дел Мармол, компанияның теңқұрылтайшысы:

- Біз француз серіктестерімізбен бірге ұялы телефон, планшеттерді зейнеткерлерге бейімдеп, оны қолдануды бұдан да жеңілдетуді жалғастыра береміз. Техниканы алғаш ұстағанда қарттарда кішкене қорқыныш болды. Қазір бір-бірін суретке, бейнетаспаға түсіруді үйреніп, балаша қуанады.

Зейнеткерлерге арналған ұялы телефон мен планшеттің тағы бір ерекшелігі, қариялар абайсызда құлап қалған жағдайда құрылғының артқы жағындағы датчик жедел-жәрдем қызметіне, абоненттің 5 туысына дереу хабар береді. Француаз әжей баспалдақтан сүрініп, жарақаттанғанда осы құрылғының көмегімен ауруханаға дер кезінде жеткізіліпті. 20 ғасырдың басында дүниеге келген қариялар сандық технологияның игілігін көргендеріне разы.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу