Түркия әскери операцияны тез аяқтаудан үмітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия әскери операцияны тез аяқтаудан үмітті

22.01.2018

Түркия Сирияның солтүстігінде «Зәйтүн бұтағы» атты әскери операцияны тез аяқтауды жоспарлап отыр. Ол осыдан үш күн бұрын басталды. Әскери шара мақсаты – күрд отрядтарын талқандап, олар басып алған аудандарды арабтарға қайтару. Өйтпеген жағдайда сириялық күрдтер Түркияның өз ішіндегі қандастарын сепаратизмге итермелеуі мүмкін. Оның үстіне, АҚШ сириялық күрдтерді біріктіріп, Түркия шекарасы маңында 30 мың адамдық әскер құратынын жариялап отыр. Соғыс 800 мың адам тұратын Африн ауданында жүріп жатыр. Осылайша, Сирияда жаңа майдан ашылды. Түрік әскеріне Сирия оппозициясының 10 мыңдай содыры көмектесіп жатыр. Ал, Ресей Африннен өз жауынгерлері мен офицерлерін әкетті. Сонымен қатар, Мәскеу Анкарадан бұл операцияны тоқтатуды талап етпек.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу