Киев пен сепаратистер тұтқын алмастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киев пен сепаратистер тұтқын алмастырды

28.12.2017

Донбасста 15 айдан бері алғаш рет Украина әскері мен сепаратистер тұтқын алмастырды. Үкімет өздерін республика деп жариялаған ресейшіл ЛНР мен ДНР-ге 233 адамды қайтарып, 74 жауынгерін босатып алды.

Бұл шараның тыныш өтуін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы және Халықаралық Қызыл крест комитеті арнайы барып қадағалады.

Украина мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, тұтқын алмасу 2018 жылы да жалғасады. Өйткені, сепаратистердің қолында тағы 100-ден астам адам қалған.

Украинаның шығысында әскери жанжал 2014 жылы сәуірде, яғни, Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін басталды. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, содан бері Донецк пен Луганск облыстарында қарулы қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапты.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу