АҚШ Иерусалим туралы құжатқа вето жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ Иерусалим туралы құжатқа вето жариялады

19.12.2017

Палестина автономиясы БҰҰ Бас Ассамблеясының шұғыл отырысын шақырмақ. Бұған Иерусалимнің мәртебесіне қатысты қарарға ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіндегі дауыс беруде АҚШ-тың вето жариялауы түрткі болды. Мысыр ұсынған құжатты Қауіпсіздік Кеңесінің 14 мүшесі қолдады. Қарарда Иерусалимге қатысты халықаралық пәтуаны сақтап қалу қажеттігі айтылған. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің астанасы етіп жариялап, елшілікті сонда көшіретінін мәлімдеген-ді. Құрама Штаттардың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли қарарды Қауіпсіздік Кеңесінің 14-мүшесі қолдағанын және сол үшін БҰҰ-ын сынға алды.

Никки Хейли, АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Біз бүгін Қауіпсіздік Кеңесіндегі дауыс беруде жағымсыз жағдайға куә болдық. БҰҰ Палестина-Израиль дағдарысын реттеуде пайданың орнынан үлкен зиян келтіріп отыр.

Құрама Штаттардан тағы бір жаңалық. Трамп өз әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жариялады. 55 беттік құжаттың басты идеясын «Бейбітшілікке күшпен жету» деп қысқаша сипаттауға болады. Стратегияның басты тезисі – «алдымен Америка». Бұған қоса, құжат 4 қағидаға сүйенеді: елді қорғау, ұлттық гүлденуге жағдай жасау, бейбітшілікке күшпен жету және Американың әлемдегі беделін арттыру. Сонымен бірге, онда Трамп Қытай, Ресей, Иран мен Солтүстік Кореяны және халықаралық терроризмді басты қауіп деп жариялаған.  

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу