Киевте 32 полицей жараланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киевте 32 полицей жараланды

18.12.2017

Киевте Михаил Саакашвилидің жақтастары полициямен қақтығысты. Мұның алдында демонстранттар Майданда президент Петр Порошенкоға қарсы шеру өткізді. Содан кейін демонстранттар Октябрь сарайына бармақ болған. Алайда, қауіпсіздік күштері оппозиционерлердің жолын бөгеп, екі жақ арасында жанжал басталды. Соңғы мәліметке қарағанда, 32 адам зардап шеккен. Олардың 15-і – ұлттық гвардия сарбаздары, 17-і – полицейлер.

Октябрь сарайында шерушілер кеңес ұйымдастырмақ болған. Бірақ, сол сәтте бұл ғимаратта джаз музыкасының концерті өтіп жатқан. 

Саакашвилидің жақтастары өткен аптада да ауқымды митингтер өткізіп, ел президенті Порошенкоға импичмент жариялауды талап етті. Ресми Киев болса, Грузияның экс-президентін қылмыстық ұйыммен байланысы бар және Ресейге қашып кеткен бизнесменнен қаражат алды деп айыптап отыр. Бірақ, Саакашвили өзіне тағылған айыптың барлығын жоққа шығарып, ел үкіметін коррупциямен күреске кедергі жасады деп кінәлап, биліктен кетуін талап етіп отыр. 

Михаил Саакашвили, оппозиция лидері:

- Барша Украина өзінің басты алаңы Крещатикке құлақ түріп отыр. Және де осы жерден жеткен дауыс Порошенко мен сатқындардың, оның олигархиялық схемасының үнін өшіреді. Ештеңеге қарамай біз күшейеміз, еркін боламыз. Бұлар кетуі керек. Өмірім мен бостандығымды құрбандыққа шалсам да, олар аластатылуы тиіс.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу